Құқық қорғау органдары

Карантин ережелерін бұзған жүргізушілер жазаланады

Петропавлда 2 күнде 20 адам карантин тәртібін бұзған. Полицейлер 15-сіне қатысты ескертумен шектелсе, анықтама қағазынсыз жолаушы тасымалдаған 5 такси жүргізушісіне айыппұл салған. Карантин талабын сақтамағаны үшін енді әрқайсысы өз қалтасынан шамамен 27 мың теңге төлеуі тиіс. Тәртіп сақшылары қала көшелерінде күнделікті рейд жүргізіп жүр.

Карантин жарияланғалы бері қала ішінде жолаушы тасымалдайтын автобустар уақытша тоқтатылды. Тағы, машинамен негізсіз көше аралауға шектеу қойылды. Тұрғындарға тек үй маңындағы дәріханалар мен дүкендерге баруға және қоқыс тастауға рұқсат етілген. Ал іскер жандар арнайы анықтама қағазын көрсету арқылы ғана жұмысқа жете алады. Қызметкерлердің аты-жөні қала әкімдігінің арнайы сайтында бар.

Болат Жұмабекова – Петропавл қаласының әкімі:

– Тұрғындар көшелерде жұмысынан бөлінген көліктермен жүруі керек. Ол үшін адамдарға құжат қажет. Ал, қандай құжаттың қажет екендігі әкімдіктің сайтында көрсетілген.

Қала әкімі тілге тиек еткен сайтта кімнің қайда істеп, қайда тұратыны жазылған. Бірақ, тізім әлі толық емес. Жақында 100 пайыз дайын болады. Сонда ережені елемейтіндер, яғни белгіленген уақыттан кейін темір тұлпар тізгіндейтіндер, жалған анықтама жасататындар жаппай жазаға тартылады. Ал, ортақ тәртіпті көбінесе такси жүргізушілері сақтамайды екен.

Демек, сайт толықтырылғасын кәсіпкерлік ретінде тіркелген такси парктерінің өкілдері ғана жолаушы тасымалдай алады. Ал, өзгелеріне заңмен тыйым салынған. Тиісті ереже бұзылса әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Оған қоса темір тұлпары айып тұрағына қойылады.

Жандос Мұқатов – Петропавл қаласы ПБ бастығы:

– Біздің мақсатымыз – хаттама толтыру емес, тұрғындарға заңды түсіндіру. Әкімшілік Кодекстің 476-шы бабына сәйкес карантиндік режимді бұзғандарға хаттама толтырылады. Соттың шешімімен айыппұл салынады.

Тұрғын жеке көлігін айыппұл төлеген соң ғана айып тұрағынан алып кете алады. Осы орайда полицейлер мұның барлығы қауіпті дерттің алдын алу бағытында атқарылып жатқан іс екендігін айтады. Тәртіпті сақтасақ, қиындықты еңсереміз.

Жандос Мұқатов – Петропавл қаласы ПБ бастығы:

– Бұл шаралар өзімізге керек. Біз тәртіпті сақтаған жағдайда ғана індеттің алдын аламыз.

Маржан Касымбек