МТРА жаңалықтары

Елбасы: “Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар

Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Кеше жариялаған «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында Тұңғыш Президент осылай деді. Елбасының сөзінше, үнемді әрі ретімен жұмсар болсақ, бұл қаражат қазіргі қиындықты еңсеруге мүмкіндік береді. Ал бір кездері аталған қор құрылмағанда, мемлекет көрсетіп жатқан қолдау бүгінгідей болмас еді. Десе де әр адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өмірі мен денсаулығына зор жауапкершілікпен қарауы керек деп санайды Ұлт көшбасшысы. Мақалада Елбасы жас ұрпаққа да үндеу жасады. “Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді”,- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ол жастарды жат әдеттен сақтанып, игі істермен айналысуға да шақырды. Солтүстікқазақстандық қыз-жігіттер бұл өсиетті белсенді түрде орындап жатыр. Төтенше жағдай жарияланғалы бері өңірде волонтерлік қозғалыс кең қанат жайыпты.

Әлфараби Мыңбай – қалалық жастар ресурстық орталығының маманы:

– Бүгінде жастар ресурстық орталығында 100-ге жуық волентер бар. Біз мүгедек, зейнеткер қарттардың үйлеріне барып, олар тапсырыс берген заттарды дүкеннен, дәріханадан сатып әкеліп береміз. Халық тарапынан сұраныс өте көп. Адамдар жиі хабарласып тұрады.

 

 

 

Саят Ермек