ТЖ

Айыртау ауданында өрттен 2 адам көз жұмды

Небәрі жарты сағаттың ішінде 2 бірдей өрт оқиғасы орын алды. Айыртау ауданының құтқарушылары үшін бүгінгі таң оңайға соқпады. Таңертең Имантау мен Арықбалық ауылдарында қос баспана отқа оранды. Тілсіз жаудан көз жұмғандар бар.

Таңғы сағат 8. Тілсіз жау Имантау ауылындағы баспаналардың бірінде бас көтерген. От үйдің төбесін шарпыған.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өрт салдарынан жарақат алғандар мен қаза тапқандар жоқ.

Ал Арықбалықта құрбандар бар. Бұл ауылда да тілсіз жау тұрғын үйден шыққан. Құтқарушыларға қоңырау таңғы 8 жарымдарда түседі. Оқиға орнына өрт сөндіруші жасақ небәрі үш минутта жеткен, бірақ тым кеш. Ұйтқы желден жалын лезде шатыр мен ішке таралыпты. Ал іште адамдар болған.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– 2 адамның қаза болғанын анықтап, шығардық.

56 жастағы ер адам мен оның 46-дағы азаматтық зайыбы тірідей жанып кеткен. Оларды құтқаруға болар ма еді, егер бір емес, екі бірдей газ баллоны жарылмағанда.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Бір газ баллоны өрт сөндірушілер келген уақытта жарылды, ал өртті сөндіріп жатқанда екіншісі жарылды.

Өрттің неден шыққаны анықталып жатыр қазір. Бізге белгілісі – бақилық болған екеудің бірі, нақтырақ айтсақ ер адам, Ресей азаматы. Ол өлкеде қызметте жүрсе керек. Арықбалықтағы көршілері марқұмның ішімдікке әуес болғанын айтқан. Мұның да оқиғаға себеп болуы ғажап емес дейді құтқарушылар. Сол құтқарушылардың сөзінше, қаңтардан бері облыста 118 өрт оқиғасы тіркелген. Басым бөлігі, яғни 100-ге жуығы – тұрғын үйлерде. Көрсеткіш, әзірге, былтырғы ахуалға қарағанда төмен – 29 процентке. Бірақ, құрбандардың саны өткен жылмен салыстырғанда көбірек. 2020 басталғалы тілсіз жау 15 жерлесіміздің өмірін жалмаған.

 

 

Саят Ермек