МТРА жаңалықтары

Н.Назарбаев: “Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды”

Бүгін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа кезекті рет үн қатты. Тек бұл жолы телеэкрандар арқылы емес. Елбасы өзінің ресми сайтында «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп аталатын мақаласын жариялап, көпшілікті бірлік пен байсалдылыққа шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев – ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы, “Nur Otan” партиясының төрағасы:

– Жаһан жұртшылығын әбігерге салған пандемия жаңа бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс туғызды. Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтады, көлік атаулының қозғалысы шектелді. Мұнайдың бағасы құлдырады. Ел мен ел арасындағы шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр.

Қазір күрделі кезең. Бірақ, бірлесе білген ел бәрін жеңеді. Елбасы мақаласының атауы да, негізгі идеясы да – осы. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев бизнеске былай дейді: тәуелсіздіктің арқасында өз ісін ашып, аяққа тұрған кәсіпкерлердің енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кезі келді. Петропавл іскерлері қол ұшын созуға әзір, созып та жатыр. Мәселен, жұмысы тоқтаған қоғамдық көлік қазір бос тұрған жоқ.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Қоғамдық көлік иелері медициналық қызметкерлерді жұмыс орнына және үйге жеткізіп салу үшін автобустарды бөлді. Сондай-ақ, жұмысын жалғастырып жатқан кәсіпорындардың еңбеккерлерін де тегін тасымалдап жатырмыз. Қазір жолаушы тасымалы бизнесі өте қиын кезеңді бастан өткеруде. Десе де, көмек қажет болса, аянып қалмаймыз.

Шынымен де, қандай қиыншылық болмасын, қазақ үлкеніне құрмет көрсетіп, кішісіне қамқорлық танытқан. Осы бір абзал қасиеттерді танытар кез келді дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев – ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы, “Nur Otan” партиясының төрағасы:

– Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді.

Қоғамның әлжуаз топтарына қол ұшын созбаққа Елбасының бастамасымен “Biz Birgemiz” қоры ашылды, меценат, кәсіпкерлер қаржы салып жатыр. Петропавлдағы қорға бүгінде 183 жарым миллон теңгедей қаржы түскен.

Владимир Витченко – «Birgemiz – Qyzylzhar» өңірлік қоғамдық қорының басқарма мүшесі:

– Бұл ақша көмекке мұқтаждарға 50 мың теңгеден бөлініп беріледі. Жәрдемді 3700-дей жерлесіміз алады. Қазір олардың тізімін жасап жатырмыз. Қаражатты осы аптаның аяғына дейін аударуды жоспарлап отырмыз.

Тұңғыш Президент сынақтан сүрінбей өтуге қажетті қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар дейді. Халыққа алаңдайтын негіз жоқ. Тек бірлігіміз бекем болса болғаны.

Нұрсұлтан Назарбаев – ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы, “Nur Otan” партиясының төрағасы:

– Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене, егіз ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды.

Саят Ермек