Қоғам

Мүгедектікті онлайн түрде рәсімдеу

Халық үшін ыңғайлы, ал бастысы – қауіпсіз. Төтенше жағдайға байланысты қазір мүгедектікті тағайындау онлайн түрде жүргізіледі. Бүгінде мұндай қызмет түрін 55 жерлесіміз пайдаланыпты. Өтінішті электрондық үкімет порталы арқылы рәсімдеуге болады.

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қазір бірқатар шаруаны үйде отырып-ақ тындыруға болады. Қажет болса азық-түлікке, дайын тамаққа, дәрі-дәрмекке тапсырыс беріңіз. Табысынан айырылғандардың қатарынан болсаңыз 42500-ді алуға өтініш жазыңыз. Қазақстандағы ахуал бұрын бірнеше сағат уақыт кететін жұмыстың орныдалуын осылайша тездетті деуге де болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да қазір мүгедектікті тағайындау үшін арнайы мекемелерге барып табалдырық тоздырудың қажеті жоқ.

Мереке Мұхамедияров – ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  ҚР-да төтенше жағдай енгзілуіне байланысты мүгедектікті белгілеу сырттай жүргізіледі. Яғни, мүгедектікті белгілеу медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдеріне бармай-ақ электрондық веб-порталына құжаттарды жіберу арқылы жүзеге асырылады.

Яғни, бірнеше батырманы басып, мүгедектікті тағайындап, жәрдемақыға қол жеткізуге болады. Халыққа ыңғайлы, ал бастысы – қауіпсіз. Мемлекеттік қызметті алу үшін электрондық үкімет порталына кіріп, «өтініш» деген сервисті таңдау қажет. Мұнда азамат өзі туралы толық ақпаратты көрсетіп, тиісті құжаттарды сканерлеп немесе фотоға түсіріп бекітуі керек. Өтінішті толтырған соң электрондық қолтаңбасын қояды.

Сәлима Алпысова – ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті СҚО бойынша департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы:

– Мүгедектікті тағайындау» деген қызметті таңдап, өтінішті Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің жергілікті департаментіне жолдау қажет. Арызды медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің мамандары 2 күннің ішінде қарайды. Оның нәтижесін біз азаматтарға смс және электрондық порталдағы жеке кабинет арқылы жібереміз. Ал төтенше жағдайға дейін бір ай бұрын және төтенше жағдай кезінде мүгедектік мерзімі өтіп кеткен жандарға тіптен уайымдаудың қажет жоқ.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жәрдемақыны алу уақыты автоматты түрде ұзартылады. Бірақ, елдегі ахуал тұрақталып, шектеу шаралары өз күшін жойғаннан кейін жарымжандарға мекен жайы бойынша емдеу мекемесіне бару керек. Айта кету қажет, Президенттің тапсырмасы бойынша зейнетақы мен жәрдемақылардың көлемі сәуірдің бірінен бастап тағы да 5 пайызға өсті.

Эльмира Садвокасова