МТРА жаңалықтары

Ірі азық-түлік сауда орнында рейд жүргізілді

Карантин ережелері ірі азық-түлік сауда орындарында қаншалықты сақталып жатыр? Бейінді департамент өкілдері қаладағы дүкендерде жиі рейд өткізіп, санитарлық талаптарды түсіндіріп жүр.

Бұл – қаладағы «Magnum» сауда орталығы. Өңірде карантин режимі енгізілгенен бері мұнда қауіпсіздік шаралары күйшейтілген. Азық-түлік алуға келген азаматтардың бетінде – міндетті түрде маска, ал қолында қолғап болуы керек. Кейін кіреберістегі қызметкерлер тұрғындардың дене қызуын өлшеп, жадынама қағаздарын таратады.

Талаптар бұнымен шектелмейді. Адамдар сауда жасау кезінде де арнайы ережелерді қаперде ұстағандары жөн. Яғни, тұрғындар өзге жандармен арақашықтықты сақтап, бір-бірінен кем дегенде 1 жарым метр алыста жүргендері дұрыс. Алайда, қауым арасында ережені елемейтіндер де бар көрінеді.

Ильяс Илан – «Magnum» ЖШС қалалық филиалының директоры:

– Кей адамдар, әсіресе, кассада тұрған кезде бір-бірінен арақашықтықты сақтамайды. Біз ондай жандарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз.

Гүлнара Сейітова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:

–  Тұрғындар жиі келетін орындарға мониторинг жүргізіп жатырмыз. Азық-түлік сататын ірі сауда орындары, дүкендер мен банк және автожуу нысандарына барып, санитарлық талаптардың орындалуын қадағалаймыз.

Айта кетейік, рейд шаралары алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Маржан Касымбек