ТЖАуа райы

Дауылдың салдары

Кеше облыс аумағында қар жауып, қатты жел соқты. Мамандардың айтуынша кейбір аудандарда желдің қарқыны секундына 33 метрге дейін жетіпті. Салдарынан 24 нысанның шатыры ұшып кеткен. Ал Тимирязев ауданының қос тұрғыны шатырдың астында қалып қойған.

Бұл кеше Көкшетауда болған оқиға. Қатты соққан жел 5 қабатты тұрғын үйдің шатырын жұлып әкетті. Мұндай видеолар көп. Оны тұрғындар әлеуметтік желілерге жарыса салып жатты. Табиғаттың тосын мінезінің салдарынан көшедегі аялдамалар мен жарнама тақталары да құлады. Дауыл тіпті, шатыр тұрмақ біреудің балконын да ұшырып әкетіпті.

Көкшетаулықтар шатыры мен балконынан айырылып жатқанда, Қостанайға қыс қайта келді. Ол жақта қар жауып, ақ түтек боран соқты. Бұл жағдай біздің өңірді де айналып өткен жоқ. Облыста жаңбыр жауып, соңы қарға айналды. Ал оңтүстік-батыс жақтан қатты жел соқты. Мамандардың айтуынша кейбір жерлерде екпіні секундына 28 метрге дейін жеткен.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

–  Дауылдың салдарынан 7 аудандағы 24 нысанның шатыры құлаған. Көбінесе білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары мен жеке тұрғын үйлер зардап шекті. Желдің қарқыны Тайынша, Ақжар, Ғабит Мүсірепов және Айыртау аудандарында секундына 32-33 метрге дейін жеткен.

Мамандардың айтуынша адам шығыны жоқ. Бірақ, Тимирязев ауданына қарасты Комсомольское ауылының 2 тұрғынын дүкеннің шатыры басып қалған екен. 89 және 77-ші жылы туылған азаматтар бірден аудандық ауруханаға жеткізіліпті. Қазіргі уақытта олардың жағдайы бірқалыпты.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Бірнеше елді мекенде электр қуатын таратуда іркілістер болды. Бірақ, тоқты уақытылы ажыратуға байланысты электр энергиясымен жабдықтау жүйелерінде апат жағдайы орын алған жоқ. Сондай-ақ, бүгінде жергілікті атқарушы органдармен бірге арнайы комиссия құрылды. Біз дауыл салдарынан болған шығынды есептейміз.

Сондай-ақ, брифинг барысында өңірде су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы да айтылды. Құтқарушылар қазір барлық өзен-көлдерде мониторинг жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде өңірде республикалық және облыстық маңызы бар 38 жолды су басқан. Осыған орай мамандар сәуірдің 6-сы мен 7-сі күндері өзендердегі мұзды босату жұмысын жүргізіпті. Нәтижесінде ернеуінен асқан 27 учаскідегі су қайта қалпына келген.

Бердимурат Баймухан