Білім

Қашықтықтан білім алу әдістері

Өңірде 12 мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ал қалғандарында оқыту барысы қашықтықтан жүргізіледі. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша бірнеше онлайн-платформаның ішінен “Күнделік” пен “Zoom” жүйелері жиі қолданылатын көрінеді.

Қашықтықтан сабақ берудің бірнеше жолы қарастырылған. Мұғалімдер оқушылармен түрлі онлайн-платформалардың көмегімен байланысқа шығады. Қазіргі таңда жергілікті оқушылардың 38 проценті – “Күнделік”, ал 48 проценті “Zoom” жүйесі арқылы білім алып жүр.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бұдан бөлек, күнде таңғы 9-да “Еларна” мен “Балапан” телеарналарынан да сабақ өткізіледі. Бұл формат біздің өңір үшін қолайлы болып отыр. Себебі, телидидардың қолжетімділігі халық үшін 80 пайызды құрайды.

Дегенмен, штаттық режимде жұмыс істеп жатқан білім ошақтары да бар. Өңірде мұндай мектептердің саны – 12. Көбіне олар шалғай елді мекендерде орналасқан. Ата-ана қарауынсыз қалған ұл-қыздарға арналған мектеп-интернаттары да қалыпты тәртіпте жұмыс істеуде. Бұл білім ошақтарында барлық санитарлық талаптар жіті сақталған дейді мамандар. Негізі, оқушылардың жаңа форматта біліп алып жатқандарына 3-ақ күн ғана өтсе, студенттер қашықтықтан оқуды 3 апта бұрын бастаған болатын. Жергілікті университетте 7155 студент білім алады. Олардың 90 пайызы – қазір үйлерінде. Ал 221-і жатаханада тұрып жатыр. Оның 171-і – үндістандық жастар.

Жанар Таласпаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:

– Жатаханадағы студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Ол үшін университет қосымша ақша бөлген болатын. Ұл-қыздардық барлығында да интернет бар. Бұдан бөлек қосымша білім ала алады.
Айта кетейік, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да қашықтықтан оқыту форматы бойынша колл-орталық құрылған. Студенттер толғандырған сұрақтары болса, 35-00-09 нөміріне хабарласып жауап ала алады.

Дана  Ешкенова