Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қ.Ақсақалов: “Үйде отырсаңыздар айыппұл салынбайды”

Ескертулердің уақыты өтті, карантин режимін бұзғандар қатаң жазаланады. Сәуірдің 7-сі күнгі үндеуінде облыс әкімі осылай деді. Шектеулерге қарамастан көше кезіп, өзінің де, өзгенің де басын қатерге тігетін тұрғындар бар. Енді шаһар бойынша бақылау күшейтіліп, қағидалар одан бетер қатаңдатылды. Ал мұқтаж жерлестерімізге “Біз біргеміз” қорынан 50 мың теңгенің жәрдемақысы төленбек.

25 науқас. 22-сі – небәрі 4 күннің ішінде. Өлкедегі эпиджағдай өткен аптада күрт ушықты. Ұйқыдан ояна сала коронавирус жайлы соңғы ақпарға көз тігетін жағдайға жеттік. Бірақ, сенбіден бері – тыныштық, кеселді жұқтырған бірде-бір теріскейлік тіркелген жоқ. Ал осы апта, тіпті, жағымды жаңалықтан басталды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бір адам емделіп, үйіне барды. Қазір ауруханада 24 науқас бар, барлығы тиісті ем алуда. Жағдайлары бірқалыпты. Облыста ауыр науқастар жоқ.

Статистика әзірге өсіп жатқан жоқ. Мұның бәрі – карантиннің нәтижесі. Бірақ, бұл босаңсу керек дегенді білдірмейді. Санитарлар коронавирус эпидемиясының облыстағы шарықтау шегі әлі алда деп болжап отыр. Бұл болжамды болжам күйінде қалдырудың басты жолы – үйде отыру. Ал жауапсыздық қымбатқа түсуі мүмкін. Тек өкініштісі – мұны көбі түсінбейді. Үйде іш пысады, төрт қабырға тынысты тарылтады. Бірақ, басқа амал жоқ дейді облыс әкімі. Сөзінше, ескертулердің уақыты өтті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көшеде қажеттіліксіз қыдыруды доғару керек. Саяжайға бару дегенді уақытша ұмытыңыздар. Бос уақытты жанұяларыңызбен бірге өткізіңіздер. Үйде отырсаңыздар айыппұл салынбайды. Өйтпесе, тәртіп сақшылары қатаң жазалайтын болады. Ескертемін: біз бақылауды одан бетер күшейтеміз.

Ал енді статистика. Петропавл карантинге жабылғалы полицейлер 80-нен астам азаматты жауапқа тартқан. Жартысынан көбі – қоғамдық орындарда бей-берекет қыдырып жүргендер. Бұл қыдырыстың құны – 26 жарым мың теңге немесе 5 күндік әкімшілік қамақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ал жеке автокөлікті тұрғындар таңғы 8-ден 10-ға дейін жұмысқа жету үшін ғана пайдалана алады. 10-нан бастап жұмыс күні аяқталғанға дейін көшелерге көліктер мақсатсыз шықпауы тиіс. Сағат кешкі сегізден бастап жаяу жүру де, машинамен жүру де мүлде тоқтауы керек. Алдағы бірер күнде көлік ағыны қысқармаса, бұдан да қатаң шектеулер енгізетін боламыз.

Дүкендер баяғыша 6-ға дейін ашық. Тек сыртқа шаққанша, қажет тауарларға үйге тапсырыс берген жөн. Проблема – “Семейный” мен “Северный” желілері жеткізіп беріп үлгермей жатыр. Жүктеменің артқаны соншалық, қызметкерлер санын көбейтуге тура келген. Оларға көмекке “Магнум” келді, ал “Пирамида” болса вокзал маңында тұратындардан тапсырыстарды 24 сағат бойы қабылдайды. Ал сауданы өзім жасаймын деген қалалықтардың супермаркетке кіреберісте дене қызуы өлшенетін болады енді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Алып сауда орындарының бәрі қашықтықтан жұмыс істейтін термометрлермен қамтылады. Егер сатып алушының дене қызуы жоғары болса, ол супермаркетке кіргізілмейді.

Көптің талқысына түскен 42 500-дің мәселесі шешілді. Табысынан айырылғандар жәрдемақыны енді кідіріссіз рәсімдей алады дейді облыс әкімі. Сайт қалтқысыз жұмыс істеуде, телеграм бот та іске қосылды. Өтініш білдірген 7 мың жерлесіміздің жартысына жуығы қаржылай көмекті алып үлгерген. Елбасының бастамасымен ашылған “Biz birgemiz” қоры да қарап жатқан жоқ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Қор аз қамтылған азаматтарға көмектесіп жатыр. Бүгінге дейін облыс бойынша мұқтаждарға азық-түлік, тұрмыстық заттар мен қорғаныс құралдары салынған 1200-ден астам пакет тегін таратылды.

Мұқтаждарға енді қаржылай көмек те көрсетілмек. Иә, облыс әкімі қоғамның әлжуаз топтары үшін 50 мың теңгенің жәрдемақысы төленеді деді.

– Бұл көмекті аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, көмекке мұқтаж мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, минималды зейнетақы алатын және әлеуметтік аз қамтылған зейнеткерлер, тұл жетімдер мен асыраушысының бірінен айырылған балалар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген мүгедектер және тыл еңбеккерлері алады.

Жуық арада 50 мың теңге осы санаттарға кіретін әр азаматтың шотына аударылады. Бірақ, бұл көмек тек Петропавлда тұратындарға ғана берілмек. Өйткені, мұнда вирусты жұқтыру қаупі ауылдарға қарағанда жоғары.

Саят Ермек