Қоғам

Петропавлда такси қызметіне сұраныс артты

Автобустар тоқтап, жеке көлікпен қатынау шектелгелі бері Петропавлда таксиге деген сұраныс артты. Бірақ, карантин уақытында қалалықтарды тек ресми түрде тіркелген такси жүргізушілері ғана тасымалдай алады. Заңсыз жұмыс істегендерді әкімшілік жауапкершілік күтіп тұр. Сондай-ақ, коронавирус індетінің таралуын болдырмас үшін таксопарктер қауіпсіздік қағидаларын да сақтауы тиіс.

Карантин жарияланғалы Петропавл көшелеріндегі қозғалыс біршама саябырсыған. Бірақ, “шашкалы” машиналарды жиі кездестіруге болады.

Таңертен және күндіз таксиді бірі дүкен-дәріханаға, бірі жұмысқа жету үшін шақырады. Бұл – түсінікті. Бірақ, Денистің айтуынша, тапсырыстардың саны кешкі 6-дан кейін күрт артады. Заңды сұрақ – бұл уақытта үйде отыруы тиіс жұртшылық сонда қайда барады? Таксистердің өз болжамы бар.

Вирустың таралуын тоқтату үшін қарым-қатынасты қысқарту керектігі талай айтылды. Тек кей қалалықтарға карантин қағидалары кедергі емес сыңайлы. Қалай болғанда да, такси жұмысын жалғастыруда және ол қазір жалғыз қатынау құралы. Тек бұл көліктердегі қауіпсіздіктің жайы қалай?

Наиль Абраев – такси паркінің директоры:

– Жүргізушілер міндетті түрде маска тағып, қолғап киіп отырады. Әрбірінде антисептик бар. Жолаушы да бетпердеде болуы тиіс. Өйтпесе, оған қызмет көрсетілмейді.

Бір салонға екі адамнан артық отырғызылмауы тиіс. Бұл да – сол қауіпсіздік үшін. Сондай-ақ, қазір нәпақа таппаққа ерінбегеннің бәрі жолаушы тасымалдай алмайды. Тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелген таксистерге ғана шаһар жолдары ашық яки әр жүргізушінің қолында анықтама болуы тиіс. Өйтпесе оны айыппұл не 5 күндік қамақ күтіп тұр. Одан қалды, түнгі 12-ден кейін бір де бір таксопарк тапсырыс алмайды. Өйткені, көшедегі қозғалыс түнжарымнан толықтай тоқтатылған. Тек мұны түсініп жатқан тұрғындар жоқ.

Наиль Абраев – такси паркінің директоры:

– 12-ден кейін жұмыс істемейміз деген жауапты көбі түсінбейді. Операторға айқайлап, оны балағат сөздің астына алып жатады. Осы орайда, петропавлдықтардан сабыр сақтап, түсіністік танытуды сұраймын. Ереже – бір және оған бәріміз бағынуымыз керек.

Қызмет құны да аса шарықтай қойған жоқ. Бір компания бағаны сол қалпы ұстап тұрса, енді бірі сәл арттырған. Кей таксопарктер тіпті жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытып жатыр. Қазір таксистерің бірқатары дәріхана қызметкерлерін үйлеріне тегін апарып салуда, қарттарға азық-түлік жеткізерде волонтерлерге көмектесіп жатқан жүргізушілер де жоқ емес.

Саят Ермек