Білім

Оқушылар қашықтықтан білім алып жатыр

Сәуірдің 6-ы күні 4-ші оқу тоқсаны басталды. Қазір отандық шәкірттер коронавирусқа байланысты ел тарихында тұңғыш рет жаппай қашықтықтан оқып жатыр. Білім алу кезінде телевизиялық каналдар мен арнайы бағдарламалар қолданылуда. Қаламызда дәл осы жауапты істің жүргізілу барысымен әріптестерімен арнайы танысты.

№8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің 8-ші сынып оқушысы Алдияр Нұртазин дәл қазір “Zoom” бағдарламасы арқылы мұғаліммен байланысқа шығып, тапсырма алып жатыр. Ол әдебиетпен қоса, қазақ тілі мен тарих пәндерін де осылай оқиды. Ал физика, математика, химияны меңгеру үшін жасөспірім теледидардың жанына жайғасады.

Алдияр Нұртазин – №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Мұғалімдер үй жұмыстарын «Kundelik» және «Bilim Land»-ке жіберіп отырады.
Күніне 6-7 сабақ болады. Өткізілу уақыты 30 минут. Қазір қазақ әдебиетінен Тахауи Ахтанов туралы оқуды тапсырды.

Ал, Алдиярдың інісі Дидар мектеп табалдырығын былтыр ғана аттапты. Балақай білімді «Балапан» арнасынан алады. Алайда, бірінші сынып оқушысына теледидарда баяндалған жаңа тақырыптардың барлығын өздігінен меңгеру қиын.

Сондықтан, оған анасы мен мұғалімдер көмектеседі екен.

Сәуле Сейдахметова:

– Егер балам тақырыпты түсінбей жатса, мұғаліміне хабарласамыз. Мамандар арнайы конференция құрып, сабақты жіті түсіндіріп береді. Кей кездері өзім де көмектесуге тырысамын. Есептерді шешудің жолдарын үйретіп, әріптерді қайталатып отырамын.

Дене шынықтыру, технология мен музыка пәндері өзгеше форматта өткізіледі. Яғни, ұл-қыздар мұғалім берген тапсырманы орындау барысын видеоға түсіреді, кейін педагогқа жібереді. Осы орайда мынандай мәселеге тоқталайық. Егер оқушы интернетке шыға алмаса немесе оның үйіндегі теледидардан қажетті арна көрсетілмесе ше? Жақында облыс орталығында осынай проблемаға 355 бала тап болыпты. Дегенмен, мәселе шешілген. Ұл-қыздардың барлығы заман игілігімен қамтылған екен.

Айнұр Сүйіндікова – Петропавл қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– 29 4-ші оқу тоқсаны басталмас бұрын оқушылар мен ата-аналар арасында онлайн жиын өткізілді. Сол кезде техникалық мүмкіндігі жоқ отбасылар мен көпбалалы жанұялар анықталып, балаларына компьютерлер таратылды.

Жалпы, облыс бойынша мұндай мүмкіндікке, яғни компьютерге 1775 бала ие болыпты. Айта кеткен жөн, ауылды жерлерде орналасқан шағын жинақты мектептер қалыпты режимде жұмысты жалғастыра бермек. Бүгінде мұндай білім ұяларында сабақ екі ауысым бойынша өткізілуде. Сонымен қатар, елді мекендердегі оқу ошақтарында дезинфекциялық шаралар күшейтілген.

Маржан Касымбек