Қоғам

Коммуналдық қызметтердің тарифі төмендетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев монополист компанияларға тұрғындарға қолдау көрсетуді тапсырды.

Яғни, коммуналдық қызметтердің бағасын төмендетуді жүктеді. Мемлекет басшысының пәрменін орындау аққайындар өлкесінде қолға алынып отыр. Өзгерістерді солтүстікқазақстандықтар мамыр айында сезіне алады. Себебі, тарифтер сәуірдің бірінен азайтылды. Мәселен, Петропавлды тіршілік көзімен қамтып отырған “Қызылжар су” серіктестігі қызмет құнын 10 пайызға төмендетіпті. Енді ауыз судың 1 текше метрі үшін бұрынғыдай 81 емес, 73 теңге төлеу қажет. Ал, кәріз жүйесіне келер болсақ, оның текше метрі 7 теңгеге арзандатылды. Сол сияқты электр қуаты үшін де ай сайынғы төлем азаймақ.

Абай Балабеков – ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  Ғ.Мүсірепов, Айыртау, Тайынша, Ақжар мен Уәлиханов аудандарында жұмыс істейтін “Солтүстік Энерго Орталық” серіктестігі тарифті 10 пайызға төмендетті. Ауылдағы ағайын енді жарықтың әр кВт үшін 12 теңге төлейді. Петропавл қаласы мен қалған 8 аудан халқын электр энергиясымен қамтитын “Севказэнергосбыт” компаниясы болса, 5 процентке азайтты. Енді тұрғындар қуат көзіне 11 теңгеден шығындалмақ.

Эльмира Садвокасова