Су тасқыны

Көктемгі су тасқыны бойынша өңірдегі ахуал

Бір де бір ауыл, бір де бір үйге су кірген жоқ. Көктемгі тасқынға қатысты ахуал – жіті бақылауда. Бұл жайлы бүгін облыстың бас құтқарушысы Рамиль Камалов мәлімдеді. Ал синоптиктер келесі аптадан бастап күн күрт жылиды деп болжап отыр. Сондықтан, сәуірдің ортасында өлкедегі өзен-көлдердің деңгейі жоғарылап, қауіп төндіруі ғажап емес.

Тимирязев ауданындағы Дзержинский мен Степное ауылдарын күні кеше еріген қар суы бір қорқытты. Ол мұнда көрші Қостанай өңірінен жеткен. Кенеттен келген қызыл суды құтқарушылар бір де бір үйге кіргізбеді. Дегенмен, тасқын 5 жол учаскесін шайды. Иә, күн жылып, көктем өлкеге биыл әдеттегіден ерте келді. Салдарынан қар жаппай еріп, бірқатар аудандарға қауіп төндіріп тұр. Олар…

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Тимирязев аудандарында қар нормадан біршама көп жауды. Сондықтан біз ертерек қамданып, мұндағы елді-мекендерге құтқарушы жасақтар мен техниканы қажетті көлемде апарып қойдық.

Бас құтқарушымыз айтады: еріген қар суы 41 ауылды басуы мүмкін. Ал 36 елді мекен кіші өзендердің маңайында орналасқан. Оларға да тасқынның келуі ғажап емес. Ал көлдер тасыса, 15 селоның су астында қалу қаупі бар. Алайда, әзірге су тек кей жол учаскелерін ғана шайып жатыр, бір де бір ауыл жапа шекпеді. Ал Петропавл не күту керек? Заречный кенті және жақын маңдағы Тепличное мен Прибрежное тұрғындары жылдағыдай жандарын шүберекке түйіп отыр.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Бәрі Сергеев қоймасынан жіберілетін су көлемі мен Ақмола облысындағы ахуалға тікелей байланысты. Көрші өңірде де қардың нормадан біршама көп жауғанын білесіздер. Сондықтан алдағы бір аптада жағдай белгілі болады.

Сол Сергеевка қоймасындағы су, соңғы ақпарға сүйенсек, ернеуден бақандай 1 метрге асқан. Көрсеткіш орта есеппен 20 см-ге өсіп жатыр. Нәтиже – көз алдарыңызда.

Мына видеоны Шал ақындағы Кеңес ауылының тұрғындары түсірген. Жақын маңдағы Есіл суы кей жерлерде арнадан асып, алқапқа жайылыпты. Ағайын жылқысын қауіпсіз жерге айдап әлек. Синоптиктердің болжамы сол – бұл тасқын Петропавлға сәуірдің 12-сі келуі тиіс. Алайда, шаһар оны қабылдауға дайын. Дамбалар нығайтулы, техника мен мамандар сақадай сай.

Саят Ермек