Құқық қорғау органдары

Ережені елемегендер жазаланады

Ережені елемегендер жазаланады! Петропавлда күшейтілген рейд өткізіліп жатыр. Шараның алғашқы күнінің 1 сағаты ішінде-ақ полицейлер 6 жүргізушіні құрықтады. Олардың карантин кезінде қала ішінде жүріп-тұруға рұқсат қағаздары болмай шықты. Мұның нәтижесінде тәртіп бұзғандарға айыппұл салынды, ал көліктері айып тұрағына жеткізілді.

Қазір петропавлдықтар дүкенге, дәріханаға және жұмысқа ғана бара алады. Қызметке жету үшін арнайы анықтама қағазы болуы тиіс. Егер болмаса, тұлға жауапкершілікке тартылады. Бұл жайлы талай мәрте айтылды. Бірақ, ережені елемейтіндер бар. Тіпті, көп. Сол себепті, тәртіп сақшылары рейд шараларын күшейтіп отыр.

Қанат Әлімжанов – Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы:

– Карантин уақытында кейбір тұрғындар негізсіз көшеде жүр. Олардың басым бөлігі – темір тұлпар тізгіндеген жандар. Осыған байланысты қаламызда уақытша айып тұрағы құрылды. Енді тәртіпке бағынбаған жандарға айыппұл салып, көліктерін сол жерге апарамыз. Машинаны әкімшілік жаза өтелгеннен кейін ғана алып кетуге болады.

Шараға 19 автопатруль мен 40-қа жуық маман жұмылдырылған. Олар көліктерді тоқтатады, жүргізушілерден анықтама сұрайды. Қайда бара жатыр? Не себепті? Қай жерде жұмыс істейді? Құжатта осы сұрақтарға жауап берілуі тиіс. Алайда, рейд барысында бұл ереженің сақталмайтынына көз жеткіздік.

Енді, ережені елемеген азаматқа 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады, ал көлігі айып тұрағына апарылады. Еске сала кетейік, бүгінде шаһар 6 зонаға бөлінген. Олардың әрқайсысында аурухана, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар бар.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Азаматтарға өзінің тұрып жатқан зонасынан себепсіз шығуға болмайды. Өйткені, әр аймақта дүкендер мен дәріханалар бар. Адамдар сол жерден қажетті заттарды сатып алулары тиіс. Ал, жұмысқа баратындардың қолдарында анықтама қағазы мен жол парағы болуы керек.

Бұл ереженің жаяу жүргіншілерге де қатысы бар. Яғни, адамдар жұмыстан берілген анықтаманы үнемі өздерімен бірге алып жүрулері қажет. Полицейлер кез-келген уақытта тоқтатып, сұрап қалулары мүмкін. Айта кетейік, бүгінде арнайы рейд қаладағы 7 көшенің бойында өтіп жатыр.

– Мен әкімдікте жүргізуші болып еңбек етемін. Қызмет бабымен жүрмін. Жұмыс орнынан анықтама берілді. Оны үнемі өзіммен алып жүремін.

– Қазір мамандарды жұмысқа апара жатырмын. Тексеріс дұрыс жүргізіліп жатыр. Өйткені, карантин кезінде себепсіз далаға шығуға, әрлі-берлі қатынауға болмайды.

Рейд қаладағы жағдай тұрақталғанша жалғасады. Ал, полицейлер тұрғындарға карантин тәртібін қатаң сақтауға ескертеді.

Бердимурат Баймухан