Аптадағы маңызды жаңалықтар

Дезинфекциялау түнелі орнатылды

Астында 3 секундтай тұрып, толық зарарсызданып шық. Қаладағы «Радуга» серіктестігінің мамандары “Dostyk Mall” сауда және ойын-сауық орталығының алдына дезинфекциялау түнелін орнатты. Оны жерлестеріміз Түркия мен Италиялық әріптестерінен көріп, жасаған екен.

“Dostyk Mall” сауда және ойын-сауық орталығының алдындағы мына қондырғы дезинфекциялау түнелі деп аталады. Тың дүние арқылы адамдар ішке кіреді. Сол кезде келушілердің үстіне арнайы сұйықтық бүркіледі. Нәтижесінде тұрғын толық зарарсызданады. Жаңашылдықты өзге емес, өзіміздің мамандар жасапты.

Дмитрий Шарапаев – “Радуга” ЖШС бас директоры:

– Елімізде коронавирус індеті таралғалы бері дезинфекциялық заттарды шығаруға кірістік. Біраз күннен соң интернеттен мынандай кабиналарды көрдік. Оларды шетелдік мамандар әзірлеп жатты. Сонда біз неге жасап көрмеске деген ой келді. Осылайша істі бастап кеттік.

Әзірге дезинфекциялау түнелі қаламыздағы “Dostyk Mall” сауда және ойын-сауық орталығының алдына ғана орнатылды. Себебі, мұнда халық көп келеді. Жергілікті мамандар тапсырыс түсіп жатса, тағы жасап шығаруға ниетті. Оны әзірлеуге шамамен 350 мың теңгеден аса қаржы жұмсалыпты.

Дмитрий Шарапаев – “Радуга” ЖШС бас директоры:

– Тапсырыс бергендер бар. Қазір осындай 10 кабина әзірлеп жатырмыз. Жұмысты 3-4 күнде аяқтаймыз. Ертерек тәмамдауға болар еді.Қалада іске қажет қосалқы бөлшектер таусылып қалғандықтан, шаруа ұзаққа созылып кетті. Қажетті дүниелерге тапсырыс бердік. Олар Алматы қаласынан жеткізіледі. Бұл қондырғыны алдағы уақытта жетілдеріміз. Ішіне қосымша бүріккіштер орнату керек деп ойлаймын.

Шашылатын сұйықтықтың құрамында 5 пайыз – спирт, 0,1 пайыз – диорхлор мен 95 процент дистилденген су бар. Дайындалған дүниенің адам өміріне де, қоршаған ортаға да зияны жоқ. Оның үстіне киімді бүлдірмейді. Тағы, зарарсыздандыру құралынан асқабақтың иісі де шығады.

–  Мен бұл құрылғыны бірінші рет көріп тұрмын. Өте пайдалы екен. Адамды бастан аяқ зарарсыздандырып шығады.

– Адамдар азық-түлік алуға көп келеді. Сәйкесінше вирус жұқтыру қауіпі де жоғары. Ал, мынадай құрылғының көмегімен инфекциядан толық қорғануға болады.

Эльмира Садвокасова