МТРА жаңалықтары

3 мыңнан аса солтүстікқазақстандық 42 500 теңгеге қол жеткізді

Қиын-қыстау кезеңде мемлекеттен қолдау! Төтенше жағдай кезіндегі әлеуметтік жәрдемақыны алуға өңір бойынша 7100-ден аса солтүстікқазақстандық өтініш білдіріпті. Жерлестеріміздің 3 мыңнан астамы 42 500 теңгеге қол жеткізген. Ал, кейбір тұрғындар әлі күнге дейін бірыңғай жиынтық төлем және банк шоты мәселесімен жүр. Бүгін жұртшылықты мазалаған сұрақтарға өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында жауап берілді.

42500.Қоғамның қызу талқысындағы бұл жәрдемақыға төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған жандардың барлығы үміт арта алады. Мейлің ресми, мейлің бейресми жұмыс істегендер де. Баласы 1 жастан асқан декреттегі аналар да назардан тыс қалмады. Қысқасы мемлекет ешкімді ұмытпады. Көмектің кімге және қалай берілетіні түсінікті. Бірақ әлеуметтік қолдауға байланысты халықтың сұрағы таусылар емес. Соның бірі бірыңғай жиынтық төлемге қатысты. 2651 теңгені қай ай үшін аудары қажет?

Алмаз Қошманов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

–  Бейресми жұмыс істеген жандар мемлекеттік қолдауға бірыңғай жиынтық төлем жасап ие бола алады. Аударымды төтенше жағдайға дейінгі 12 айдың бірі үшін жасау қажет. Содан кейін ғана өтініш жазуға мүмкіндік бар. Жәрдемақыны кез келген банктегі шот арқылы алуға болады. Егер де қаржы ұйымында қарызыңыз болса, ол 42500 теңге есебінен өтелмейді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев банктерге азаматтың берешегін ұстап қалуға тыйым салды.

Яғни, 1 банкте қарызың болса, екіншісі барып шот ашудың қажеті жоқ. Төтенше жағдай аяқталғанша мемлекеттік жәрдемақы есебінен берешегіңіз ұсталмайды. Бірақ, мұны әлі көбі білмейтін сияқты. Оны қаржы ұйымдары жанындағы ұзын-сонар кезектен аңғаруға болады.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ директоры:

– Тұрғындардың басым бөлігінде банк шоттары бар. 20 таңбалы нөмірді білу үшін қаржы ұйымына бару міндет емес. Оны смс арқылы және банк сайтына кіріп анықтауға болады.

Соңғы екі аптада Қазпошта қызметкерлерінің жүктемесі де біршама артты. Қазір қызметкерлер 65-тен асқан қарияларға зейнетақыларын жеткізіп беру бойынша да жұмыс істеп жатыр. Оның үстіне 42500-ге үміт артқандар бөлімшелерге карточка рәсімдеуге келеді екен.

Бекжігіт Бекбердиев – “Қазпошта” АҚ СҚОФ директоры:

– Өңірдегі 110 бөлімшеде арнайы шот ашуға болады. Карточкаға ауылдық жерлерде де қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл шоттар бұғатталмайды, ішіндегі ақшаны да ешқандай банк азаматтың қарызы ретінде ала алмайды. Рәсімдеу үшін Қазпошта бөлімшесіне жеке куәлікпен келіп, өтініш жазу керек. Біздің сайт арқылы бірыңғай жиынтық төлемді де аударуға болады.

Бүгінге дейін өңір бойынша жәрдемақыны алуға 7100-ден аса солтүстікқазақстандық ниет білдіріпті. 3 мың жерлесіміздің өтініші қаралып, оларға 42500 теңге аударылған. Айта кету қажет, қазір Үкімет мемлекеттік қолдауды банк шотынсыз рәсімдеу тәсілін қарастыруда. Жаңашылдық жайын түсіндіре кетейік. Адам тиісті өтініш береді. Содан кейін жәрдемақы тағайындалады. Ал, ақшаны алу үшін карточканы жасату қажет. Оған 30 күн уақыт беріледі.

Эльмира Садвокасова