МТРА жаңалықтары

Жергілікті деңгейдегі карантинге қатысты қаулыға өзгерістер енгізілді

Карантин уақытында петропавлдықтарға үй жануарларын серуендетуге болады, ал саяжайларға баруға қатаң тыйым салынады. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына осындай өзгерістер енгізілді.

Саят Ермек – тілші:

 – Неге рұқсат етілген, ал неге тыйым салынған? Петропавл карантинге жабылғалы бері бұқара бұл сұрақтарды жиі қоюда. Көпшілік кей ережелердің жалпылама жазылғанын айтып, нақтылау қажеттігін өтінген болатын. Өтініш орындалды. Сәуірдің 2-сі күні қабылдаған қаулысын облыстың бас санитары толықтырып, 4-і күні қайта жариялады. Сонымен, жаңа редакцияға қандай өзгерістер енгізілді? Қазір түсіндіріп береміз.

Қаулыға тағы бір тармақ қосылды. Иә, енді петропавлдықтарға үй жануарларын қыдыртуға рұқсат етіледі. Тек баспананың ауласынан шықпау шарт. Өйтпесе, айыппұл. Тағы бір жаңашылдық – денсаулығы күрт сыр бергендер медициналық көмек алмаққа шаһарға кіріп-шыға алады. Ол үшін блокпостта екі құжат көрсету керек: аудандық дәрігерлік комиссияның қорытындысы және диагноз жазылған, шұғыл көмектің қажеттігін растайтын шақырту хат. Оны Петропавлдағы медициналық мекеме жібереді. Өйтпесе, жол жоқ! Одан қалды, пациенттің жанында екі адамнан артық болмауы тиіс.

– Жұмысын жалғастыратын ұйымдардың тізімі де толықты. Бұл тізімге нотариустар мен нотариалдық кеңселер және ветеринариялық клиникалар мен ветдәріханалар қосылды. Наубайханалар да, бұқаралық ақпарат құралдары да қызметте. Ал қарапайым дәріханалар қалыпты режимде жұмыс істей берсе, азық-түлік дүкендері мен супермаркеттер таңғы 10-да ашылып, кешкі 6-да жабылады. Бірақ, тауарларға үйге кез келген уақытта тапсырыс беруге болады. Дезинфекциялық құрал сататын арнайы дүкендер де осы тәртіп бойынша жұмыс істейді. Банктердегі кассалар таңғы 9-дан күндізгі 4-ке дейін ғана ашық. Қала тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық және өзге ұйымдар да жұмысын жалғастыра береді.

Бұқараға қатысты шектеулер сол қалпы қатаң – үйден тек жақын жердегі дүкенге, дәріханаға, қоқыс шығаруға және жоғарыда айтқандай иттерді серуендетуге ғана шығуға болады. Өйтпесе, 26 жарым мың теңгеге шығындалуға дайын болыңыз! Карантинге қарамастан жұмыс істейтіндердің қолында міндетті түрде анықтама болуы тиіс. Басшылық қарамағындағы қызметкерлерді үйден жұмысқа, жұмыстан үйге апарып тастауға міндетті. Жеке автокөлікпен тек жұмысқа және манағы дүкен-дәріханаларға ғана қатынауға болады. Ал шаһар сыртындағы саяжайларға баруға бола ма? – жиі қойылатын сауалдардың бірі осы. Бұл туралы қаулыда жазылмаған, бірақ жауабын облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желіде жазды. Саяжайларға баруға да тыйым салынған. Айта кеткен жөн, тұрғындар экранда көрсетілген телефон нөмірлері бойынша хабарласып, көкейдегі өзге де сауалдарын қоя алады. 

Саят Ермек