Жергілікті емхана мамандары дәрі-дәрмекті тұрғындардың үйлеріне өздері жеткізіп беруде. Мұндай қызмет зейнеткерлер мен мүгедек жандарға көрсетіліп жатыр. Игі іске ерікті жастар да атсалысып жүр.
Зураш Бектембаева 3-ші қалалық емханасында учаске медбикесі болып жұмыс істейді. Міндетіне жауапкершілікпен қарайтын маман 10 зейнеткердің дәрісін өзі алуға келіпті.
Зураш Бектембаева – №3 қалалық емханасының учаскелік медбикесі:
– Біздің учаскеде 175 зейнеткер есепте тұр. 4-5 күннен бері дәрілерді өзіміз алып адамдарға таратып жатырмыз. Таңертеңнен 1-ге дейін науқастарды қабылдаймын. Түстен кейін емханадан дәрілерді алып, адамдарға таратамын.
Жалпы, 3-ші қалалық емханда бүгінде 7 мыңнан астам зейнеткер мен мүгедек жан тіркеулі тұр. Олардың 4,5 мыңдайы ай сайын емханаға келіп, тегін дәрі-дәрмек алады. Әзірге, бұл қызметті мамандардың өздері атқармақ.
Сәбира Даирова – №3 қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:
– Емханада 43 учаске бар. Дәрілерді диспансерлік есепте тұрғын жандарға алып барып береміз.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Осыны қаперде ұстаған ерікті жастар да игі іске атсалысуда. Олар күніне 20-ға жуық адамға дәрі-дәрмегін жеткізіп береді.
Үйде отырыңыздар! Бұл – жергілікті дәрігерлердің тұрғындарға деген ескертуі емес, қойып отырған талабы. Мамандар емханаларға жөн-жосықсыз келудің қажеті жоқ дейді. Егер дәрігердің көмегі керек болып жатса маманды үйге шақырта аласыз.
Маржан Касымбек