Су тасқыны

Қызыл су 5 жол учаскесін шайды

Өңірде ауа температурасының жоғарылауына байланысты тасқын қауіп төндірді.

Мәселен, Тимирязев ауданындағы Дзержинское селосына Қостанай облысы жағынан еріген қар суы жақындаған. Абырой болғанда мамандар апаттың алдын алды. Қазір елді мекендегі ахуал бірқалыпты. Дегенмен, қызыл су 5 бірдей жол учаскесін шайып кетіпті.

Қауіп “Тимирязев-Мичурино” бағытындағы облыстық тас жолына төніп тұр. Сонымен қатар, бастауын Айыртау ауданынан алатын өңірдегі 5 кішкентай өзеннің деңгейі көтерілген. Құтқарушылар бұл құбылыс қалыпты жағдай дейді.

Ал Сергеев қоймасының ернеуінен асқан судың биіктігі 90 см-ге жетті. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов өлкедегі ахуалды бақылап отырмыз деді.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Сонымен қатар, Сілеті және Шағалалы су қоймаларындағы жағдайды бақылап жатырмыз. Жалпы, тасқын болуы мүмкін деген аудандардың барлығына 37 адам жіберілді. Олар ахуалды күндіз-түні қадағалайды. 

Култанов Байболат