Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жансақтау бөлімшесімен танысты

Коронавирус инфекциясын жұқтырған 1 солтүстікқазақстандық жазылып шықты. Ал қалғандарының жағдайы бірқалыпты. Мұны №1 қалалық ауруханасында құрылған жансақтау бөлімшесімен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді. Өңір жетекшісі қараған палаталар заманауи қондырғылармен жабдықталған. Мұнда 10 реанимациялық төсек пен “ИВЛ”, яғни өкпені жасанды желдету аппараты бар.

Коронавирус инфекциясы күннен-күнге белең алып барады. Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы ұсынған таңертеңгі мәліметке сүйенсек қауіпті індетке әлемде 1 млн 230 мыңға жуық адам шылдығыпты. Өкінішке қарай, оның 600-ден астамы – қазақстандық. Тізімде жерлестеріміздің де бары белгілі. Қазір өңірімізде осы жандардың өміріне араша түсу үшін бар жағдай жасалып жатыр. Мәселен, бүгін №1 қалалық аурухананың базасында арнайы жансақтау бөлімшесі құрылды. Мұнда ауыр халдегі науқастар жатқызылады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз кез келген сценарийге дайындалып жатырмыз. Бүгін қосымша реанимациялық 10 төсек дайындадық. 5 жаңа жабдық келіп отыр. Оларды қосамыз. Облыста 74 “ИВЛ”, яғни өкпені жасанды желдету аппараты бар. Соның 45-і Петропавлда орналасқан.

Аталған дүниелердің әрқайсысына тоқталайық. Облыс әкімі тілге тиек еткен реанимациялық төсектердің матрастары үрленіп, төмпешіктер пайда болады. Нәтижесінде онда емделушінің арқасы ұйымай жайлы жатады. Ал “ИВЛ” аппаратының мүмкіндігі зор. Өкпені жасанды желдету қондырғысы адам ағзасына оттегін жеткізеді, қан қысымы мен жүрек қағысын қатар көрсетеді. Және бұдан өзге де маңызды қызмет атқарады.

Руслан Төлентаев – №1 қалалық ауруханасының реаниматолог-дәрігері:

– Мұндай аппарат АҚШ-та жасалады. Заман игілігі кез келген жастағы науқастың өкпесін желдетеді. Яғни, онымен қарт адамға да, балаға да, тіпті жаңа туған сәбиге де қызмет көрсетуге болады. Қазір дәл осындай қондырғылар Америка мен Еуропа елдерінде кеңінен қолданылып жатыр.

Әңгіме барысында Құмар Ақсақалов бүгін қауіпті инфекцияны жұқтырған 1 солтүстікқазақстандықтың жазылып, үйіне қайтатындығын да жеткізді. Қалғандарының жағдайы бірқалыпты, қатты ауырып жатқандар жоқ екен. Бұл ретте дәрігерлердің еңбегін атап өтпеске болмас. Қазір жергілікті мамандар күшейтілген режимде төр төгуде. Осы орайда айта кетейік, Қазақстанда жұмыс кезінде науқастанып қалған ақ халаттылар да бар. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде 120 қызметкер коронавирусқа шалдығыпты.

Ботагөз Сүлейменова – №1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Мынандай костюмде 6 сағат бойы еңбек ету өте қиын. Оның үстіне жұмыс барысында үлкен көлемде дезинфекциялық құрылғыларды қолданамыз.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір әлемде дәрігерлерге үлкен жүктеме артылып отыр. Олар өздерінің өмірлерін қауіпке тіге тұра тәуекелге барады. Сондықтан біз ақ халатты абзал жандардың ісіне риза болуымыз қажет.

Бүгінде инфекциялық бөлімшеде жұмыс істейтін дәрігерлерге бөлек тұрғын-жай қарастырылған. Олар қонақ үйде тұрады. Яғни, үйлеріне бармайды, адамдармен қарым-қатынасқа түспейді. Қаламызда карантин кезінде өзгерістер де орын алып жатыр. Солардың бірін облыс әкімі тілге тиек етті. Енді ауруханалар мен зауыттарда ғана емес, дүкендерде де дене қызуы тексеріледі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгіннен бастап азық-түлік дүкендеріне келетін адамдардың да температураларын өлшейтін боламыз. Температурасы болса, ол адам дүкендерге кірмеу қажет. Азық-түлікті еріктілер немесе тапсырыс беру арқылы алуға болады. Жалпы, адамдар үйлерінде отырулары қажет. Шыдау керек! Сонда ғана қиындықты еңсереміз.

Ал карантиннің қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. 

Култанов Байболат