COVID-19: Қазақстан

Коронавирусқа байланысты өңірдегі жағдай

Коронавирус инфекциясын жұқтырған жерлестеріміздің жағдайы қанағаттанарлық. Біреуінде де Covid-19-дың клиникалық белгілері байқалмайды. Дертті тасымалдаушылармен байланысқа түскендер де өздерін жақсы сезінеді. Науқастармен жақын және потенциалды байланысқа түскендердің арасында дәрігерлер де бар.

Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 25 адамның біреуі жазылып, үйіне қайтарылды. Дерттен құлан таза айыққан петропавлдықтың қатарын жуырда тағы өзгелері толықтыруы мүмкін.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО Денсаулық сақтау басқармасы:

– Коронавирус инфекциясын жұқтырған 25 адамның тек үшеуінде дерттің айқын белгілері анықталды. Ем-дом шараларын тағайындаған соң олар өздерін бірден жақсы сезіне бастады. Қазіргі таңда науқастардың барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Дене температурасы жоқ. Дені бүгінде Covid-19-ды тасымалдаушылар болып есептеледі.

25 адаммен байланысқа түскендердің барлығы анықталып, дәрігерлердің бақылауына алынды. 68 солтүстікқазақстандық ОРВИ белгілерімен провизорлық стационарға жатқызылыпты. Абырой болғанда, ешбірінен де коронавирус табылмады. Тағы 230 жерлесіміз – карантиндік стационарда. Араларында шетелден келгендермен қатар, науқаспен байланыста болғандары да бар. Соңғыларының облыс бойынша жалпы саны 1219-ды құрайды. Соның ішінде Covid-19-ды тасымалдаушылармен жақын қарым-қатынасқа түскендер – 499, ал потенциалды болып саналғандар – 720. Тізімде / көзге көрінбейтін жаумен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халаттылар да бар. Қазір 80 медициналық қызметкер үй карантиніне жіберілді, ал 33-і стационарға жатқызылды. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда. Өзге емдеу мекемелеріне келер болсақ…

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Қазір өңірдегі барлық емдеу мекемелері карантинге жабылды. Яғни, науқастарға туған-туысқандары келе алмайды. Ауруханаға шұғыл түрде жатқызу жалғастырылуда. Ал химио және радиотерапия тағайындалған азаматтар жоспарлы түрде ем-дом шараларын ала алады. Емханалардың жұмыс режимі қысқарды. Алдағы уақытта дәрігерлер тұрғындарға консультация беруді қашықтықтан жүргізуді қарастырып отыр.

Коронавирус инфекциясымен күреске полиция қызметкерлері, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар мен Әскери институт курсанттары тартылған. Осылайша әрбір ықшам аудандағы карантин ережелерінің орындалуы қатаң бақылауда. Талапты елемегендер әкімшілік жазаға тартылады.

Асқар Хабибулин – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Сыртқа банкоматтарға барып, ақша алу үшін шығуға рұқсат. Ал егде жастағы туыстарға азық-түлік апаруға тыйым салынған болатын. Шаруаға еріктілер тартылуда. Бірақ, қазір әкімдік бұл ережені қайта қарастыруда.

Сыртқа тек жұмысқа барып, қоқыс төгіп, азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін шығуға рұқсат. Соңғыларының өзін онлайн-тапсырыс арқылы жасауға болады. Қазір шаһардағы «Семейный» мен «Северный» сауда желілері жеткізіп берушілер санын көбейтуде.

Эльмира Садвокасова