МТРА жаңалықтары

42500 теңгеге кім үміт арта алады?

Өңір бойынша 5 мыңнан астам еңбеккер қашықтықтан жұмыс істеуге көшкен. 800 адам – жалақысы сақталмайтын, ал мыңнан аса маман ақылы демалысқа жіберіліпті. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты  уақытша  табысынан айырылған жандарға мемлекеттен әлеуметтік көмек қарастырылған.

Шаһар өмірінің өзгеріске ұшырағанына бір аптадай уақыт болды. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы көрініс бізде де орын алып отыр. Қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен бизнес субъектілері – бірең-сараң. Таңертең, түсте және кешке көшеде жүретін адамдар мен көліктердің де саны қысқарды. Карантин талаптары – бұл. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты кейбір мамандық иелері қазір – үйде.

Аслан Исин – СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

– Мемлекеттік еңбек инспекциясы облыстық және аудандық кәсіпорындардағы жағдайға күнделікті мониторинг жүргізеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, қазір өңір бойынша 800 адам жалақысы сақталмайтын, ал 1000-нан астам еңбеккер ақылы демалысқа жіберілді. Ал 1300 қызметкер жұмыс уақыты қысқарған режимге ауысты.

Жолы болғандар баспаналарынан шықпай-ақ қашықтықта отырып шаруаларын тындыруда. Мұндай мамандардың саны аймақта 5100-ден асып жығылады. Еңбек заңнамасына сай қызметкерлер айлық жалақасына толық түрде қол жеткізеді. Ал жоспарланбаған демалысқа шыққандар ше? Жұмысынан уақытша айырылғандардың жағдайын жасауға мемлекет бірден кірісіп кетті. Қазір еліміздің сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалуда. 42500 теңгеге кім үміт арта алады? Жәрдемақы ресми, бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға қарастырылған. Ал, олар кімдер?

– Жалдамалы қызметкерлер: ақысыз демалысқа жіберілген орта және шағын бизнес өкілдері, ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысшылары

– Ақысыз демалысқа жіберілген коммерциялық емес ұйым қызметкерлері

– Өз-өзін жұмыспен қамтушылар: жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысушылар, фрилансерлер (егер төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік төлемдер жасаған болса, жәрдемақыға үміт арта алады)

– Бейресми жұмыс істеген азаматтар

– Баласы 1 жасқа толған, бірақ жұмысқа шықпаған декреттегі аналар.

Декреттегі аналар мен бейресми жұмыс істеген азаматтардың құлағына алтын сырға! Мемлекет тарапынан бөлінетін жәрдемақыны алу үшін зейнетақы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру қорындағы мәртебені растау керек. Яғни, 2651 теңге болатын бірыңғай жиынтық төлемді аудару қажет. Кейін Президент пәрменімен тағайындалған көмекке қол жеткізуге болады.

Біржан Нұрымбетов – ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Өтініштерді беру жөнінде екі портал тұрақты жұмыс істеп жатыр. Ол электрондық портал мен 42500.enbek.kz. Соңғы үш күнде 1 млн 284 мың өтініш келіп түсті. ЭЦП-ны қолданудың қажеті жоқ. Оны СМС арқылы растауға болады.

Аталған порталдардың жұмысына қатысты біраз сын айтылды. Сайттар жүктемеге шыдамай, түрлі ақаулар орын алған болатын. Ол үшін министр Біржан Нұрымбетов халықтан кешірім сұрады. Бүгінде IT-мамандар шаруаны реттепті. Әрі әр облыс үшін бөлек жаңа телеграм ботты іске қосқан. Солтүстікқазақстандықтар әлеуметтік қолдауды енді мессенджердегі SKO42500Bot арқылы да рәсімдей алады. 

Эльмира Садвокасова