Қоғам

Жыл басынан бері 16 парақорлық фактісі тіркелген

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті жыл басынан бері 19 қылмыстың бетін ашқан. Оның 16-сы – парақорлық. Тағы 42 іс қаралып жатыр екен. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 30 млн теңгеге жуықтайды.

Төтенше жағдай жарияланғалы бері өңірлік жемқорлыққа қарсы департамент те қашықтықтан жұмыс істеуде. Мәселен, биыл ғана іске қосылған жаңа “Адал көмек” жобасын алайықшы. Оның мақсаты – тұрғындарға тегін заңгерлік кеңестер беру. Бұл кеңестерді енді азаматтар жаңа форматта алып жатыр.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Қазір заңгерлер сауалдарға әлеуметтік желілер арқылы жауап береді. Яғни, тұрғындарға құқықтық көмек онлайн режимінде көрсетіледі. Сондай-ақ, жерлестеріміз мемлекеттік бағдарламалар туралы да сұрақтар қоя алады.

Қазір бизнес қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Сондықтан жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары ұлттық кәсіпкерлер палатасымен де тығыз жұмыс жасауда. Бірлесе отырып олар бизнесті сыбайлас жемқорлықтан қорғау жол картасының орындалуын қатаң бақылауда ұстап отыр. Кәсіпкерлер үшін «Инвестиция және бизнесті қорғау» жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Мұнда оларға іске қаржы құйған күннен бастап барлық кезеңдерде қолдау көрсетіледі. Бүгінде мұндай көмекті солтүстікқазақстандық 10 бизнесмен пайдаланып жатыр.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

  – Биыл біз 3 инвестициялық жобаны өз қорғаумызға алдық. Оларға құйылатын қаржының жалпы сомасы – 12 млрд теңге. Бұл жобалардың бәрі 2021-ші жылы іске қосылады.

Осындай ауқымды жұмыс атқарылып жатса да, жемқорлық фактілері тыйылар емес. Департамент жыл басталғалы 19 қылмыстың бетін ашқан. 16-сы -парақорлық. Тағы 42 іс қаралып жатыр. Мемлекетке келтірілген шығынның жалпы сомасы – 30 млн теңгеге жуықтайды. Бұл қаражаттың әзірге 9 млн-дайы ғана қазынаға қайтарылған.

 

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы