МТРА жаңалықтары

Әскери міндеттілер арнайы жиынға шақыртылады

Президент пәрменіне сай әскери міндеттілер арнайы жиынға шақыртылады. Қатарға қосылғандар төтенше жағдай кезінде маңызды жұмыс атқарады. Бұл бағытта өңірімізде тиісті шаруа басталып кетті. Жаңа жарлыққа сәйкес қызметке кімдер алынады және іріктелген жандарға қандай міндет жүктеледі?

Бейсенбі күні мемлекет басшысы Қасым-Жомат Тоқаев “әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру” жайлы жарлыққа қол қойды. Бұл – жалпыға ортақ міндет емес. Президент пәрменіне сәйкес төтенше жағдай кезінде белгілі бір тізімге енген жандар ғана өздеріне жүктелген міндетті тұрғылықты жерлерінде орындайды. Яғни, өзге аймақтарға бармайды. Ережеге сәйкес қызметке 60 жасқа дейінгі офицерлер мен 50 жасқа дейінгі сарбаздар және сержанттар шақырылу тиіс. Олар не істейді?

Арнайы жиынға шақырылған жандар:

– Блокпостарда қызмет атқарады

– Елді мекендерді күзетеді

– Аумақтарды санитарлық өңдеуге қатысады

– Аса маңызды нысандарды күзетеді

– Көктем кезінде болуы мүмкін су тасқынының салдарын жоюға қатысады.

Өңірімізде Президент пәрменіне сәйкес жұмыс басталып кетті. Қазір өлкемізде аумақтық қорғаныс бригадалары жасақталып жатыр екен. Мұндай маңызды іске әскери міндеттілер мен әскери қызметке жарамды азаматтар шақыртылады. Азаматтар қатарға қосылмас бұрын медициналық тексерістен өтеді.

Бахытжан Мейірханов – СҚО бойынша қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басқарма бастығы:

– Арнайы жиынға бірқатар маман иелері шақыртылмайды. Олар – қорғанысты қамтамасыз ететін, қоғамдық тәртіпті қадағалайтын, авиациялық персоналда еңбек ететін жандар. Сонымен қатар, тізімге агроөнеркәсіптік кешен өкілдері, педагогтар, әскери міндетті әйелдер мен кәмелет жасқа толмаған 3 немесе одан да көп бала тәрбиелеп отырған адамдар және тағы да басқалары кіреді.

Қызметке алынғандар казармада тұрмайды. Үйлерінен барып, қызмет ете алады. Ал, арнайы жиынға шақырылатын әскерилердің саны әзірге белгісіз.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан