Қоғам

Подъездерін дезинфекцияламаған тұрғындар жауапкершілікке тартылады

Жерлестеріміздің құлағына алтын сырға! Подъездерін зарарсыздандырмаған тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айыппұл көлемі – 10 мен 20 айлық есептік көрсеткіштің аралығында. Айта кетейік, бүгінде Петропавлда мыңнан астам көпқабатты үй бар.

Бұл – Әуезов көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің бірі. Тұрғындар өз баспанасын дезинфекциялауға әзірленіп жатыр. Қолдарына қолғап киіп, беттерін маскамен тұмшалап алған. Бастысы – қауіпсіздік. Ең алдымен әрбір пәтер есігінің тұтқасына дихлор ерітіндісі шашылды, кейін баспалдақтардың таяныштары сүртілді.

Владимир Айперт – «Құйбышев 180» ПИК төрағасы:

– Дезинфекциялау жұмыстарын әрбір подъезде күніне 2-3 рет жүргіземіз. Тазалауға тұрғындар кезек-кезек шығып тұрады. Зарарсыздандыруға арналған құрылғылардың барлығын сатып алдық.

Алматы көшесіндегі 28-ші үйде де дәл осындай көрініс.

Хайни Оспанова – қала тұрғыны:

– Вирустың алдын алу үшін дезинфекция күнде жасаймыз. Барлық жерді сүртіп, тазалап шығамыз. Бұл – өзіміз үшін керек.

Өзінің, отбасының, жақындарының жайын ойлайтындардың барлығы баспаналарында дезинфекциялық шараларды жүргізуде. Қалада жалпы саны мыңнан аса көпқабатты үй бар.

Ерсайын Алиясов – Петропавл қаласы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің маманы:

 – Солтүстікқазақстандықтар баспана подъездерін өздері зарарсыздандырулары қажет. Кей тұрғындар тазалық шараларына жауапсыздықпен қарауда. Сондықтан біз қазір рейд өткізіп жатырмыз. Шара барысында жерлестерімізге баспаналарды дезинфекциялау керектігін айтудамыз.

Айта кетейік, зарарсыздандыру шараларына бей-жай қарайтын жандар жауапсыз қалмайды. Шаруаны атқармағандарға әкімшілік жаза қарастырылған. Азаматтарға 10-нан 20 АЕК көлеміне дейін айыппұл салынады.

Маржан Касымбек