МТРА жаңалықтарыҚұқық қорғау органдары

Мекеме басшылары жұмысшы тасымалын ұйымдастырулары тиіс

Жұмысқа қалай жетеміз, жақын маңда дүкен не дәріхана болмаса, не істейміз? Қала карантинге жабылғалы бері петропавлдықтар билік өкілдеріне осы және өзге де сұрақтарын жаудырып жатыр. Сауалдарға арнайы брифинг барысында шаһар басшысы Болат Жұмабеков жауап қатты.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Кеше түнде қала карантинге жабылды.

Иә, Петропавл қазір жаңа, қатаң ережелер бойынша өмір сүруге мәжбүр. Бірақ, бұл қағидалар тұрғындарға бірқатар ыңғайсыздық тудырып жатыр. Қоғамдық көлік тоқтады, сондықтан ең басты проблема – жұмысқа жету.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Жұмыс беруші өз қызметкерлерін көлікпен қамтамасыз етуі тиіс. Яғни, таңертең жұмыс орнына алып келіп, кешке үйлеріне апарып тастауды ұйымдастыруы керек. Мұның оңайға соқпайтынын мен түсінемін. Бірақ, басқа амал жоқ.

Қала әкімі жұрттан түсіністік танытуды сұрап отыр. Қазір азаматтарға мейілінше оқшауланып, қарым-қатынас ортасын қысқартқан жөн. Ал тұрғындарға ыңғайлы болу үшін әкімдік шаһарды бірнеше зонаға бөлмекші.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Бұл зоналардың әрқайсысында күнкөріске қажетті дәріханалар, дүкендер сияқты нысандар болады. Осының арқасында тұрғындар керекті тауарлар мен қызметтерді алысқа бармай-ақ ала алатын болады.

Мұның бәрі қазір ойластырылып жатыр дейді Болат Жұмабеков. Шешімдер қалыптасқан ахуалға қарай қабылданатын болады және қалалықтардың ұсыныс-шағымдары міндетті түрде ескеріледі. Басқа мәселе – бұған дейін коронавирустық инфекция қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің 3 маманынан табылған болатын. Қазір білдей бір бөлім – карантинде. Сондықтан, жұртшылық мемлекет беріп отырған жәрдемақылар мен әлеуметтік көмекті қалай аламыз деп алаңдаулы. Шаһар басшысы түйткілдің тоқ етерін айтты.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Қазіргі таңда бұл бөлім жаңадан құрылды, басқа қызметкерлер тартылды. Сондықтан 42 500 теңгенің жәрдемақысы уақытылы рәсімделіп, төленетін болады. Тұрмыстық заттар мен азық-түлік пакеті де мұқтаждарға уақытылы беріледі. Уайымдамаңыздар.

 

 

Саят Ермек