Аптадағы маңызды жаңалықтар

Коронавирусты жұқтырған жерлестеріміздің саны 18-ге жетті

Статистика өзгерді! КОВИД-19-ды жұқтырған солтүстікқазақстандықтардың саны 18-ге жетті. Кеше түнде вирус белгілері – 3, ал бүгін тағы 7 адамнан табылды. Олардың арасында балалар да, қария да бар.

Сәуірдің екісінен үшіне қараған түні коронавирусты жұқтырған солтүстікқазақстандық алғашқы бала анықталды. Небәрі 4 жастағы петропавлдық бүлдіршін стационардан үйіне оралуға дайындалып жатқан екен. Алайда, соңғы анализ оның бойынан инфекцияны тапқан. Көп кешікпей вирус 87 жастағы қарт әжейден де табылды. КОВИД-19-ды жұқтырған 11-ші жерлесіміз де – бала. Ол – Бескөл ауылының 6 жасар тұрғыны. Бойынан қауіпті індет анықталғандар мұнымен аяқталмады. Бүгінгі күннің өзінде тағы 7 жаңа факті тіркелді.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– 2-уі – Тайынша ауданының тұрғындары, олар жайлы толық ақпарат бізде әзірге жоқ. Тағы 2 науқас – мемлекеттік қызметкер. Бір азамат – 3-ші қалалық емханадан, тағы бірі Қызылжар ауданынан табылды. Олар жайлы да мәлімет өте аз.

Осылайша, коронавирустық инфекция анықталған солтүстікқазақстандықтардың саны 18-ге жетті.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бәрі қаладағы №1 аурухананың инфекциялық стационарында жатыр. Жағдайлары – тұрақты. Ауыр халдегі науқастар жоқ. Қазір олар араласқан адамдар іздестіріліп, анықталып жатыр.

Вирустың таралу географиясы да кеңейген. 18 жағдайдың 2-уі – Қызылжар ауданында, 4-уі – Тайыншада, ал қалған 12 жағдай Петропавлда анықталған.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Жұқтырғандардың 5-уі – медициналық, ал 4-уі – мемлекеттік қызметкер, 2-уі – бала. Бүгінгі күні инфекцияның 10 ошағы белгілі. Олардың бәрі дезинфекцияланып, карантинге жабылды.

Індетке шалдыққандар үшін де, олар қарым-қатынасқа түскен адамдар үшін де стационарларда орын жеткілікті дейді жауапты жандар. Вирусты 6-7 сағаттың ішінде анықтайтын тест жүйелері де бар. Бірақ көпшілікті науқастар санының лезде көбейіп кеткені толғандырады. Санитарлардың айтуынша, бұған Солтүстік Қазақстан облысының географиялық орналасуы мен азаматтардың жауапсыздығы – себеп. Вирустың көп жағдайда симптом танытпайтынын ескерсек, оқшауланбау эпидемияның одан бетер белең алуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан болар, мамандар тұрғындарды үйде отыруға шақырудан жалықпақ емес.

 

 

Саят Ермек