МТРА жаңалықтары

Далаға себепсіз шығуға болмайды

Бір сағаттың ішінде 15 құқықбұзушылық. Кейбір жерлестеріміз карантин кезіндегі ережені елемеуде. Мұндай жандарды полиция қызметкерлері мен әскерилер құрықтауда. Қазір шаһар көшелеріне патрульге шыққандардың саны екі есеге артыпты. Қаладағы тәртіпті қадағалайтын 540 маманмен рейдке біздің түсірілім тобы да шықты.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Азық-түлік сатпайтын базарлар мен дүкендер жабық. Жеке медициналық мекемелер шаруасын тоқтатты. Дәмханалар мен мейрамханалар тек дайын асты жеткізіп беру бойынша еңбектенуде. Жерлестеріміз үйде отырып, жұмыстарын қашықтықтан тындыруға көшті. Қазір шаһарда көше кезіп жүргендер де азаюда.

Алайда, бірең-сараң эгоизм танытатын тұрғындарды да кезіктіруге болады. Төтенше жағдай кезінде далада бейберекет жүріп, кішкентай баламен қыдыруды басқаша қалай атаймыз? Бізге вирус жұқпайды дей ме, әйтеуір жалпыға ортақ ережені елемейді. Италия халқы да осыдан бір ай бұрын сөйтті емес пе? Жауапкершілік танытпағанның салдарын олар қазір көріп жатыр. Италияндықтардың кебісін кимес үшін үйде отырудың маңызды екенін түсіну қажет. Түсінбеген жағдайда полиция қызметкерлерімен кездесуге дайын болыңыздар. Қазір тәртіп сақшылары шаһардың жер-жерінде патрульге шыққан. Құқық қорғаушылар үлкенді де, кішіні де тоқтатып, сұрақ астына алады.

Қайда барасыз? Не мақсатпен? Құжаттарыңыз бар ма? Осы сауалдарға қанағаттанарлық жауап берсеңіз, өз жолыңызбен кетесіз. Яғни, азық-түлік алуға шықсаңыз, жақын маңдағы дүкенге жетесіз, үйіңізге де нан мен сүтті ұстап қайта аласыз. Жұмысқа да солай. Бірақ, еңбектенетін кәсіпорныңыз тиісті анықтама беруі тиіс. Дәл осы қағазбен қызмет ететін жеріңізге жетуге – рұқсат. Ал, жай ғана таза ауамен демалып, серуендеймін дегендер полиция бөлімінен бір-ақ шығады. Мына азамат та қазір дәл сол жерге аттанбақ. Тәртіп сақшыларымен құрықталғандардың арасында Сергей Рыженков бар. Азамат карантин талаптарын орындаймын, үйде оқшауланғаныма да біраз болды дейді. Бірақ, бүгін сыртқа шығуға тура келіпті.

Сергей Рыженков – қала тұрғыны:

– Мен екі қолға бір күрекпен қамтылмағанмын. Сондықтан, жұмыспен қамту орталығына барып, әлеуметтік жәрдемақыны рәсімдемек едім. Сөйтсек, мекеме шаруасын тоқтатыпты. Тек онлайн өтініш беруге мүмкіндік бар. Үйге қайтарымда – полиция қызметкерлеріне кезіктім. Қолымда небір анықтама болмағандықтан, хаттама толтырылды.

Полиция бөліміне төтенше жағдай режимін орындамағандар күні-түні жеткізіледі. Біз рейдте болған бір сағаттың ішінде ғана 15 шақты адамға хаттама толтырылды. Енді олар сот шешімін күтіп тұр. Бейберекет көше кезіп жүргендермен қатар әкімшілік жазаға темір тұлпарларды да мақсатсыз пайдаланатындар тартылады. Қазір көліктердің қозғалысы қатаң бақылауға алынды.

Айдын Ахмағамбетов – Петропавл қалалық ЖПҚБ бастығының орынбасары:

– Төтенше жағдай режиміне бағынбағандар үшін ҚР ӘК 476-шы бабы бойынша хаттама толтырамыз. Оның санкциясы бойынша азаматтарға ескерту, 10 АЕК көлемінде айыппұл немесе әкімшілік қамақ қарастырылған. Яғни, карантинді сақтамаған жандар 15 тәулікке дейін қамауға алынады.

Соттың шешімін мына бөлмеден білуге болады. Фемида өкілдері қазір онлайн түрде жұмыс істейді. Судьяның алдына бармас үшін – бар болғаны талапқа бағыну керек. Карантиннің ережелері қатал дер біреу. Бірақ, оның сақталуы сіз бен біз үшін керек. Қалыпты өмірге тезірек ораламыз десек, режимге бағыну қажет.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова