COVID-19: Қазақстан

Татьяна Горлова: “Егер мамандар үйде отыру керек десе, үйде отырыңыздар”

Имбирь, яғни зімбір мен лимон қосылған шәй, пияз бен сарымсақ коронавирустан қорғамайды дейді мамандар. Жалғыз қорғаныс – үйде отыру. Санитарлардың сөзінше, бұқара карантин қағидаларын бұлжытпай орындаса, эпидемияны небәрі бірнеше аптаның ішінде жеңуге болады.

Иә, қыдырып жүреді. Тек мұндай қыдырыстар – қауіпті. Жайбарақаттық пен жауапсыздықты доғарар кез келді. Ахуал қазір – мәз емес. Сондықтан…

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Егер мамандар үйде отыру керек десе, үйде отырыңыздар.

Бұл – вирустың таралуын тоқтатаудың жалғыз тәсілі дейді санитарлар. Сондықтан, үйде отыру енді – өтініш емес, талап. Әсіресе, 65-тен асқан зейнеткерлерге қойылған талапты ескермеуге болмайды. Неге? Коронавирустан әлем бойынша қайтыс болған адамдардың көбі – егде жастағылар. Олардың организмі жаңа инфекцияға шыдас бермейді.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Жас, дені сау адам коронавирусты жұқтырғанын байқамауы да мүмкін. Тек сәл қызуы көтеріліп, сырқаттың сезілер-сезілмес белгілері ғана болады. Ал қарт адамдар, балалр мен созылмалы аурулары бар жандар дертті жұқтырса, арты қайғылы аяқталуы әбден мүмкін.

Сондықтан да, үйден себепсіз шықпау керек – тек дәріханаға, тек дүкенге. Бірақ, сол дүкенде де қауіпсіздікті қаперде ұстап жатқандар шамалы. Санитарлар қызыл өңеш болып айтып жатқан 2 метрлік арақашықтықты ешкім сақтап жатқан жоқ. Алып супермаркеттерде де, шағын сауда орындарында да бір картина – жұрт қыстырлысып, бірінің үстіне бірі шығайын деп тұр.

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Супермаркеттердің әкімшілігіне мынадай өтініш бар – кассаларға кезекті реттеп тұратын арнайы қызметкерлерді қойыңыздар. Ал шағын дүкендер ішке тек 2-3 сатып алушыдан ғана кіргізіңіздер. Аядай ғана жерде 10-15 адам тұрса – инфекцияны жұқтыру қаупі аса жоғары.

Өзгесі былай тұрсын, бірақ маска тағып жүруде бұқара аса жауапты. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Көшелерде болсын, нысандарда болсын қазір бәрі – бетпердеде. Алайда…

Татьяна Горлова – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Егер маскадағы адамның мұрны ашық болса, бетпердені ол әдемілік үшін ғана тағып жүр деген сөз. Мұндай жағдайда ол сізді тіпті қорғамайды.

Үйден бейберекет шықпау керектігін айттық. Ал егер бойынан адам ауру белгілерін байқаса ше? Онда дәрігерді үйге шақыру керек. Баяғыша емханаға жүгіруге болмайды. Неге? Жауап қарапайым – вирус бойда болса, өзгелеріне жұғуы мүмкін. Иә, қазір өзіңді ғана емес, өзгелерді де ойлайтын уақыт. Мұны әр адам түсінбейінше, індет шегінбейді. Санитарлар, өлкедегі коронавирус эпидемиясының шарықтау шегі әлі алда дейді. Ал егер билік қойған шектеулерді бәрі бірдей орындаса, оны көп дегенде 3 аптаның ішінде толықтай жеңіп шығуа болады екен. Әйтпесе, карантин бірнеше айға созылып кетуі мүмкін.

 

 

 

Саят Ермек