COVID-19: Қазақстан

СҚО-да коронавирус жұқтырған 8-ші адам анықталды

КОВИД-19 инфекциясын жұқтырған солтүстікқазақстандықтардың саны 8-ге жетті. Науқастардың 2-уі – Тайынша ауданының, ал қалған 6-уы – Петропавл қаласының тұрғындары. Араларында медициналық қызметкерлер де бар.

Петропавлда коронавирус жұқтырған алғашқы науқас наурыздың 24-і анықталды. Ол – Ресейдің Омбы облысынан келген 27 жастағы бойжеткен. Ал наурыздың 30-ы қауіпті дерт Келлеровка ауылының тұрғынынан табылды. 40 жастағы әйел – медициналық қызметкер. Азаматша сол Келлеровкадағы амбулаторияда санитар болып қызмет еткен. Араға 1 күн салып, 31-і күні КОВИД-19-ды тағы бір петропавлдық жұқтырды. Жерлесіміз – жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы болып шықты. Қысқасы, мемлекеттік қызметкер. Науқаспен жақын қарым-қатынасқа түскен 73 адамның бәрі бірден карантинге жабылды. Ал сәуірдің 1-і күні вирус оның 2 әріптесінен табылған.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

 – Анализдердің нәтижесі бойынша коронавирустық инфекция 71-ші және 75-ші жылдары туған екі азаматшадан табылды. Екі науқас та инфекциялық стационарға жатқызылды, жағдайлары бірқалыпты. Ал санитарлар бірден олардың жұмыс орны мен тұратын үйлерін дезинфекциялап, карантинге жапты.

Бұл – 4-ші және 5-ші жағдайлар. Ал індетке шалдыққан 6-шы жерлесіміз сәуірдің 2-сіне қараған түні Тайынша қаласынан анықталды. 83-ші жылғы науқас әйел де медициналық қызметкер болып шықты. Аудандық орталық аурухананың лаборанты вирусты Келлеровкадағы әріптесінен жұқтырды ма деп болжап отыр мамандар.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Жағдайы – қанағаттанарлық. Тексеріс кезінде науқастан жөтел, мұрынның бітелуі, тамақта жыбырлау, дене қызуының жоғарылауы мен бас ауруы сияқты симптомдар анықталды. Азаматаша қаладағы №1 ауруханаға жеткізіліп, бөлек боксқа жатқызылды.

Дәл осы №1 ауруханадағы карантиндік стационардың 50 жастағы медициналық қызметкері де КОВИД-19-ды жұқтырған. Бұл бүгін таңертең, сағат 10-дар шамасында белгілі болды. Ал кешке таман тағы бір науқас тіркелді. Ол да – Петропавл тұрғыны. 67-ші жылғы әйел бірнеше сағат бұрын инфекциялық стационарға жатқызылған, ал қарым-қатынасқа түскен 92 адам – карантинде. Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қауіпті дертке шалдыққандардың саны – 8-ге жетті. 5 жағдай небәрі 1 тәуліктің ішінде тіркелді, яғни вирус бізде де белең алып барады. Алайда, науқастарға да, олар араласқан жандарға да қатысты тиісті шаралар қолданылды деп отыр мамандар. Тайынша мен Келлеровка – қазір карантинге жабылды. Ал Петропавлда инфекцияның 6 ошағы анықталды. Сондықтан, облыс орталығы да карантинге жабылады.

 

 

 

 

 

Саят Ермек