Қоғам

Үйде білім беру және спорпен шұғылдану

Арнамызға тұрақты көрермендерден бірнеше видео жолданды. Оның бірінде Қызылжар ауданына қарасты Новокаменка орта мектебінің ұстазы қашықтықтан білім беруге дайындық жайлы баяндайды. Ал, екіншісінде палуан, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрқожа Қайпанов тұрғындарды үйде отырып, жаттығу жасауға шақырды.

Төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары 4-ші тоқсанды қашықтықтан оқиды. Қазір бұған ел бойынша қызу дайындық жүріп жатыр. Мысалы, кеше жалпы республикалық сынақ сабағы өтті. Онда ұстаздар мен шәкірттер онлайн байланысқа шығып, өз мүмкіндіктерін тексерді.

Бұл күні онлайн байланысты тексеріп, сынақ сабағы өткізгендердің арасында Новокаменка орта мектебінің математика пәні мұғалімі Оңғарбай Абсаттаров та бар.

Оңғарбай Абсаттаров – Новокаменка орта мектебінің математика пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Қазір оқушылармен қашықтықтан сабақ өткіздік. Мынау үйімдегі өзімнің кішігірім кабинетім, қазіргі таңда сыныбым десем де болады. Компьютермен жабдықталған. Сонымен қатар осында тақта орнатып қойғанмын. Сол арқылы оқушыларға сабақ түсіндіремін.

Спортшыларымыз да уақыттарын босқа өткізіп жатқан жоқ. Олар үйлерінде, аулада жаттығу жасауда. Бұл видеоны бізге еркін күрестен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрқожа Қайпанов жолдады. Болашағынан зор үміт күттіретін палуан қазір туған жерінде жақындарының қасында екен.

Нұрқожа Қайпанов – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері:

– Төтенше жағдайға байланысты жаттығуды үйде жасап жатырмын. Барша спортшыларға үйде жаттығуға кеңес беремін. Біріксек бір боламыз! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Ел намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген ұл-қыздар спортшыларды ғана емес, тұрғындарды да үйде жаттығу жасауға шақырады. Олардың пікірінше спорт адамның қан айналымын жақсартады, белсенділікті арттырады.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан