Құқық қорғау органдары

Ережені елемегендер жауапкершілікке тартылады

Құқық қорғаушылар төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіп пен тиісті талаптардың сақталуын қатаң бақылауда. Егер қандай да бір заң бұзушылық анықталса, тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бүгінге дейін өңірде мұндай 40-тан аса факті тіркелген. Жауапты іске жергілікті 400-ден аса маман тартылыпты.

Көшеде адам да, көлік те аз. Бұл – Петропавлдың қазіргі кейпі. Тұрғындар енгізілген шектеу шараларына түсіністікпен қарайды. Азаматтар үйден тек қажет болған жағдайда ғана шығады. Бұл – күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқан полицейлердің пікірі.

Айдын АҚМАҒАМБЕТОВ – Петропавл қалалық ПБ ЖПҚ бөлімі бастығының орынбасары:

– Кешкі және түнгі уақытта жаяу жүргіншілер мен көлік тізгінін ұстаған жандар бей-берекет жүрмеулері тиіс. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған ұл-қыздар әр уақытта да заңды өкілдерімен жүрулері қажет. Тәртіпті бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар, көпшілік орындарда 3 адамнан артық жиналмауы және жерлестеріміз белгілі бір арақашықты сақтаулары керек. Мұны полицейлер өңір тұрғындарына ескертіп жүр.

Полицейлер қаладағы сауда орталықтарын да бақылауға алған. Қазір азық-түлік дүкендері мен супермаркет иелері нысандарға маска таққан тұрғындарды ғана кіргізуі қажет. Және ғимараттың ішін 2 сағат сайын зарарсыздандырып, кіреберіске антисептик орнатуға міндетті. Бұл ережені бұзғандар жазаланады. Жалпы, бүгінге дейін облысымызда 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.

 

 

 

Бердимурат Баймухан