МТРА жаңалықтары

Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмыс уақыты өзгереді

Азық-түлік аламын десеңіз дүкенге сағат таңғы 10 мен кешкі 6-ның аралығында барыңыз. Ал, дұрысы мүлде – үйден шықпай, тауарларға онлайн тапсырыс жасау. Себебі, қауіпсіздік – бірінші кезекте. Мұндай қағиданы ұстанатын сауда павильондарының өкілдері нысандарда дезинфекциялық шараларды күшейткен.

Енді мұндай хабарландырулар тек ірі сауда орындарында ғана емес, тіпті үйдің маңында орналасқан дүкендерде де жасалмақ. Оған қоса, карантинге байланысты ертеңнен бастап Петропавлдағы дәріханалардың жұмыс уақыты қысқарады. Жерлестеріміздің азық-түлік пен препараттарды алу мүмкіндігі тек таңғы 10-нан кешкі 6-ға дейін болмақ. Бұл, әрине, халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқан шара. Себебі, аталған павильондар қазір адамдардың көп шоғырланған жеріне айналып отыр. Сондықтан, дезинфекциялық жұмыстарды жүргізу дәл осы нысандарда күшейтілген. Кіреберісте антисептик құйылған диспенсер орнатылған. Одан бөлек…

Денис Гинергарт – «Семейный» сауда желісінің бөлшек дүкендерді басқару жөніндегі директорының орынбасары:

– Әр сағат сайын дезинфекциялық сұйықтықпен арбаларды сүртеміз. Тағы кассаның маңын мұқият тазартамыз. Кіреберіс пен нысанның алды үнемі зарарсыздандырылып тұрады. Дезинфекциялық құралдардың қоры 1,5 айға жетеді. Қажеттілік туындаса, тағы да санитайзерлерге тапсырыс береміз.

Мамандардың да қауіпсіздігі – басты назарда. Қызметкерлердің барлығы бетперде және перчаткамен қамтамасыз етілген. Ал, тұтынушыларға арналып мұнда маска сатылады. Екі түрлі қорғаныс құралының бағасы – 150 және 220 теңге. Сондай-ақ, кезекте адамдардың бір-біріне жақын тұрмасы үшін, еденде қызыл жолақтар бар. Қауіпсіздік шараларынан бөлек, азық-түліктің бағасы да – бақылауда.

Юлия Воробьева – «Семейный» сауда желісінің коммерциялық директорының орынбасары:

 – Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың көлемін біз күнделікті тексеріп, мониторинг жүргіземіз. Есепті апта сайын әкімдікке береміз. Азық-түлік қоры жеткілікті. Тапшылық мүлдем байқалмайды. Ал, бағаларына келер болсақ, кейбір тауар өндірушілер тұз, қант пен сүттің құнын өсіріпті. Енді олар үшін 30-40 пайызға көбірек төлеу қажет.

Тұтынушылардың саны азаюда. Бүгінде азық-түлік алу үшін адам көп жүретін супермаркеттерге кей жерлестеріміз бас сұға қоймайды. Бұл – өте дұрыс шешім. Қалалықтар қазір дүкендерден қажеттіні онлайн тапсырыс беріп, алдыртуға біртіндеп көшіп жатыр.

Юлия Воробьева – «Семейный» сауда желісінің коммерциялық директорының орынбасары:

 – Бізде онлайн дүкен бар. Ол таңғы 8-ден түнгі 1-ге дейін жұмыс істейді. Телефон нөмірлері сайтымызда көрсетілген. Тұтынушылар азық-түліктерді таңдап, көлемін көрсетіп, тапсырыс бере алады. Біз үйге дейін жеткіземіз. Соңғы бірнеше күнде тапсырыстардың саны артты.

Сондықтан, азық-түлікті жеткізу уақыты 2-3 сағатқа созылады екен.

 

 

 

Эльмира Садвокасова