МТРА жаңалықтары

Қала көшелерінде зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілуде

Қауіпті вирустың алдын алу шарасы! Сәуірдің 1-нен бастап Петропавлда зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іске жергілікті кәсіпорындар жауапты. Олар кеше кешке қала ішіндегі 183 шақырым жолды дезинфекциялады. Және аялдамаларға, тротуарлар мен саябақтарға дихлор ерітіндісін шашты.

Мамандар зарарсыздандыру жұмыстарын қаланың “Жас өркен” ықшам ауданынан бастады. Өйткені, Жамбыл Жабаев көшесі бойымен адам да, машина да көп жүреді. Іске тәртіп сақшылары да қатысты. Олар қызметкерлер іске кіріскен кезде көлік қозғалысын уақытша шектеді.

Дулат Шәріпов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Қаланың басты көшелерін зарарсыздандыруға 4 техника жұмылдырылды. Мамандар күнде жұмысқа шығады. Олар таңғы 9-дан бастап дезинфекция жасайды. Алдағы уақытта іске тартылған жандардың қатары артуы мүмкін. Қажеттілік туындаса тазалық шарасына шаһардағы әскери бөлім сарбаздарын жұмылдырамыз.

Жалпы, мамандар күн сайын қаладағы 183 шақырым жолды зарарсыздандырады. Іске жергілікті “Коммунхоз Петропавловск” пен “Коммунальник” серіктестіктері жауапты. Ал, “Благоустройство Север” кәсіпорыны тротуарларды дезинфекциялайды.

«Dostyq mаll» сауда және ойын-сауық орталығы қаланың қақ ортасында орналасқан. Мұнда тұрғындар жиі келеді. Серуендеп маңайында да көп жүреді. Сондықтан мамандар бұл жерді де назардан тыс қалдырмады. Олар тротуарларға арнайы сұйықтық шашып, айналаны мұқият дезинфекциялап шықты. Айта кетейік, жауапты іске 20 адам мен 10 бірлік техника жұмылдырылған.

Батыр Машанов – «Благоустройство Север» ЖШС директорының орынбасары:

– Іске кіріспес бұрын қызметкерлер мен техника зарарсыздандырылады. Осыдан соң ғана шаруа басталады. Біз күніне 350 мың шаршы метр аумақты дезинфекциялаймыз.

Мамандар қолданып жатқан зарарсыздандыру құралы аллергия немесе басқа да жағымсыз әсер туғызбайды екен. Яғни, адамдар мен жануарлардың денсаулығына кері әсер етпейді. Мұны бізге қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының өкілдері айтты.

Марта Давлетбаева – қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлімі басшысы:

– Далада зарарсыздандыру жұмыстарын күніне кем дегенде 1 рет жүргізу қажет. Осылайша қауіпті вирустың алдын алуға болады. Ал, азық-түлік сататын орындар мен дәріхана сынды тұрғындар жиі баратын жерлерді күніне міндетті түрде бірнеше рет дезинфекциялау шарт. Құралдардың ешқандай зияны жоқ.

Шаһардағы саябақтар да назардан тыс қалмайды. Өйткені, мұнда адамдар таза жұтып, серуен құру үшін келеді. Қазір бұл жерлерге мамандар дихлор ерітіндісін шашуда. Іске қаладағы бірнеше кәсіпорын жауапты.

Маржан Касымбек