Қоғам

Зейнетақы мен жәрдемақы үйге жеткізіледі

Төтенше жағдайға байланысты зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі, зейнетақы мен жәрдемақы үйге жеткізіледі. Қазір “Қазпошта” АҚ-ны облысымыздағы бөлімшелері осындай режимде жұмыс істеп жатыр. Іспен әріптестерім арнайы барып танысып қайтты.

Қазпоштаның қалада – 10, ал облыста 180 бөлімшесі бар. Олардың жұмыс тәртібі төтенше жағдай кезінде өзгеріссіз қалды. Яғни, тұрғындар таңғы 9-бен кешкі 6-ның аралығында мамандарға жүгіне алады. Ал, клиентер келместен бұрын әр нысан мұқият зарарсыздандырылады. Мәселен, мына зал 10 литр арнайы ерітіндімен тазартылады. Бұл – қауіпті вирустың алдын алады.

Бекжігіт Бекбердиев – “Қазпошта” АҚ СҚОФ директоры:

– Байланыс бөлімшелерінде адамдар шоғырланбауы тиіс. Сол себепті арнайы мобильді топ құрдық. Олар зейнетақыны үй-үйді аралап, тұрғындарға жеткізіп береді. Аудандарда қажетті ресурс жеткілікті. Сондықтан ешқандай мәселе туындамайды деп ойлаймын.

Арнайы топ зейнетақыдан бөлек, адамдарға  әр жақтан жолданған заттарды да жеткізіп береді. Апарар алдында оларды мұқият зарарсыздандырады. Дүниелер бізге дейін де дезинфекцияланады екен. Оны филиал директоры мәлім етті.

Бекжігіт Бекбердиев – “Қазпошта” АҚ СҚОФ директоры:

– Қазір поездар жүрмейді. Сол себепті өңір аумағындағы филиалдарға заттарды Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан автомобиль арқылы жеткіземіз. Шетелдерден келетін дүние тексеріледі. Мәселен, Қытайдан жіберілгеннің барлығы Алматыдағы ақпараттық орталықта алдын ала өңдеуден өтіп, зарарсыздандырылады. Содан соң ғана бізге жеткізіледі.

Акционерлік қоғам өз қызметкерлерінің де қауіпсіздігін басты назарда ұстайды. Бүгінде мамандардың барлығы жеке антисептик және маскалармен қамтамасыз етілген. Айта кетейік, қазіргі күні “Қазпошта” АҚ-ның кез келген филиалында тауар жіберіп, тапсырыс беруге болатын елдердің тізімі ұсынылады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан