МТРА жаңалықтары

Қ.Тоқаев: “Қолдау көрсетеміз, ешкімді көмексіз қалдырмаймыз”

Дүрбелең тудыруға жол бермейміз! Кешегі кезекті халыққа үндеуінде ел Президенті осылай деді. Мемлекет басшысының сөзінше, қауіпті індеттің кесірінен туындаған дағдарыста азаматтарымыз да, кәсіпкерлеріміз де қолдаусыз қалмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке зейнетақы мен жәрдемақыны өсіріп, шығынға батқан шағын және орта бизнесті күзге дейін еңбек салығынан босатуды жүктеді.

Саят Ермек – тілші:

– Осымен үшінші апта Қазақстан – төтенше жағдай режимінде. Қатаң тәртіп пен енгізілген шектеулерге отандастарымыздың еті енді-енді үйреніп келе жатқан сыңайлы. Тыйымдардан бөлек, коронавирус індетінің экономикалық және әлеуметтік салдары да орасан. Иә, қазақстандықтардың көбі жұмыссыз қалып, табысынан айрылып жатыр, кәсіпкерлер де шығынға батуда. Осындай қиын ахуалда бұқара мен бизнес – қаржылай қолдауға мұқтаж.

Бұл қолдауды мемлекет көрсетеді деді Президент кешегі үндеуінде. Инфляция артты, сондықтан билік зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялайды, яғни өсіреді. Тағы, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев табысынан айырылғандарға төтенше жағдай режимі аяқталғанша ай сайын минималдық жалақы төленетінін айтқан еді. Ол – 42 жарым мың теңге. Енді бұл әлеуметтік қолдауды алатындардың санаты арта түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Жалпы, 3 миллионға жуық азаматымызға қолдау көрсетіледі.

Тұрмысқа қажетті дүниелер мен азық түлікті тегін алатын азаматтардың қатарын көбейтуді де тапсырды Президент. Атап айтсақ…

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленеді. Тегін азық-түлік сегіз жүз мыңнан астам адамға беріледі.

Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі елде 1-ші сәуірде емес, 1-ші шілдеде енгізілетін болды. Бұл нені білдіреді? Қорға жарна аударып, денсаулығын сақтандырып үлгермегендер осы уақытқа дейін медкөмекті баяғыша тегін және толық көлемде алуға құқылы.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қол жетімді болып қала береді.

Шағын және орта бизнес – экономиканың бұл секторында ахуал мәз емес қазір. Әсіресе, қоғамдық тамақтану мен сауда-саттық, қонақ үй бизнесі мен туризм саласындағы кәсіпкерлер шығынға белшеден батып жатыр. Мемлекет оларды да қолдаусыз қалдырмайды деді Президент. Осы орайда әкімдіктер жауапкершілік танытулары тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы керек. Шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырамын.

Коронавирус індеті егістік науқанын кейінге шегере алмайды. Ахуал қандай болмасын, осы көктемде фермерлеріміз алқаптарына дән сіңірулері керек. Бірақ аграрийлерге мұның оңайға соқпайтыны сөзсіз. Сондықтан, Президент оларды қолдау үшін қазынадан қосымша 70 млрд теңге бөлуді тапсырды. Бұдан бөлек…

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Бұл қомақты қаражат небәрі 5 пайыздық үстемеақымен ел диқандарына несие ретінде беріледі. Президенттің тағы бір пәрмені – көктемгі дала жұмыстарына ауадай қажетті жанар-жағармайдың бағасын түсіру.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:


– Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын он бес пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндеті жүктелді. Осыны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылатын болады.

Қысқасы, осындай қиын кезеңде мемлекет бұқараны да, бизнесті де проблемамен бетпе-бет қалдырмады. Ендігі міндет – Президент жоғарыда жүктеген тапсырмаларды абыроймен орындау. Бұл енді – Үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің еншісінде. Иә, вирустың ел ішіндегі географиясы кеңейіп жатыр. Соңғы деректерге сүйенсек, дертті жұқтырғандар Қостанай облысынан басқа өңірлер мен мегаполистердің бәрінен табылды. Бірақ бұл – уақытша қиыншылық, кеселді ерте ме кеш пе жеңеміз деп сендірді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ешкімді көмексіз қалдырмаймыз. Мұқтаж адамдарға қол ұшын береміз. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Ең бастысы, шыдамдылық, төзімділік және жауапкершілік танытайық. Төрт құбыламыз түгел болсын, ағайын! Біз біргеміз!

 

 

Саят Ермек