COVID-19: Қазақстан

Өңірде коронавирус жұқтырғандардың саны 3-ке жетті

Тағы бір жағдай тіркелді! Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 3-ке жетті. Бұл жайлы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов хабарлады. Оның сөзінше науқас 100-ден аса адаммен қарым-қатынасқа түскен. Оның 73-імен жақын байланыста болыпты.

Коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың саны біртіндеп өсіп жатыр. Ал, науқастар туралы ақпарат керісінше күннен күнге қолжетімсіз болып барады. Алғашқы екі жағдайдың қайда тіркелгенін білсек, бүгін ол да жоқ. «Дәрігерлерлік құпия»,- дейді Айманов мырза. Қолда бар мағлұмат мынау ғана.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Кеше денсаулық сақтау басқармасына өңірімізде коронавирустық инфекцияның үшінші жағдайы тіркелгені туралы ақпарат келіп түсті. Нәзік жандының қауіпті дертті қайдан жұқтырғаны қазір анықталып жатыр. Науқаспен жақын байланысқа түскен 73 адам анықталды. Тағы потенциалды қарым-қатынаста болған 36 тұрғын да дәрігерлердің бақылауына алынды.

Қазір ақ халаттылардың жалпы бақылауында 1700-ден аса солтүстікқазақстандық бар. Оның ішінде 600-ге жуығы үй карантиніне жабылыпты. Тағы подъездері оқшауланып, пәтерлерінде отырған 35 адам бар. Қалғандары – емдеу мекемелерінде. Бұл сандар арифметикалық, геометриялық тұрғыда өспес үшін «баспанадан шықпау қажет»,- дейді «дәрігерлік құпияны» алға тартқан денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары. Есесіне, өңірдің бас педагогы қашықтықтан оқыту туралы ақпаратты бүге-шүгесіне дейін берді. Сабақты өткізудің бірнеше жолы бар екен. Егер интернеттің жылдамдығы 8Мбит(мегабит) және одан жоғары болса, мұғалімдер байланысқа онлайн платформалармен шығады. Өлкедегі оқушылардың 67 пайызы осылайша «Zoom» мен «Bilim Land»-тер арқылы оқымақ. Тағы 16500 ұл-қыз таңғы 9-дан түскі 3-ке дейін телевизор қосып, «Балапан» мен «Ел арна»-ны қарайды. Ал, интернеті жоқ, жаңа тақырып түсіндіретін арналар көк жәшікте болмаса ше? Білім басқармасы бұған да дайын.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– 2700-ден аса оқушы сабақты офлайн түрде үйлерінде оқиды. Бүгінде олардың 1775-іне компьютер таратылды. Білім басқармасымен үнемделген 116 млн теңгеге тағы компьютерлер алынып, оқушыларға беріледі.

Ал, шалғай жатқан елді мекендердегі шағын мектептер қалыпты режимде жұмыс істейді. Білім ошақтары барлық санитарлық талаптарды орындап, екі кезекте оқитын болады. Ата-ана қарауынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардағы жағдай да сол қалпында қалады. Көпті мазалайтын тағы бір сұрақ – дене шынықтыру, технология мен музыка пәндеріне қатысты. Гүлмира Кәрімованың сөзінше аталған сабақтарды да онлайн форматта жүргізуге мүмкіндік бар. Оны тексеріп те көріпті. Ал, мектепке дейінгі даярлық топтарына білім беру тек 3 пән бойынша жүзеге асады. Ол – қарапайым математика, дүниетану мен сауат ашу негіздері. Айта кету керек, бүгін облыстағы оқу ошақтарының барлығы қашықтықтан оқыту бойынша сынақ сабақ жүргізіпті.

 

 

 

 

Маржан Касымбек