Қоғам

“Біз біргеміз” акциясы жалғасуда

СҚО-да “Біз біргеміз” акциясы жалғасып жатыр. Яғни, “Нұр Отан” партиясының жергілікті филиалы өкілдері мұқтаж жандарға қол ұшын беруде. Кеше жаны жайсаң азаматтар Петропавлдағы көпбалалы отбасының үйінде болып, компьютер сыйға тартты. Бұл заман игілігі арқылы жанұяның ұл-қыздары қашықтықтан сабақ оқитын болады.

Ыбыраевтар отбасы. Жанұяда 3 ұл мен 1 қыз бар. Үлкені – студент. Қалғандары мектеп қабырғасында оқиды. Бүгін бұл балалардың кішкентай арманы орындалып отыр. Оларға жергілікті нұротандықтар компьютер сыйға тартты. Қазір мұндай дүние аса қажет. Себебі, шәкірттер 4-ші тоқсанды білім ұясына бармай, осындай заман игіліктері арқылы қашықтықтан оқиды.

Жансая Ыбыраева:

– Біз сыйлыққа өте қуаныштымыз. Енді сабақты емін-еркін оқи аламыз. Әрине мектепті сағындым, әсіресе достарым мен ұстаздарымды.

Төтенше жағдай енгізілгелі бері жанұяның барлық мүшесі үйде отыр. Отағасы да, отанасы да жұмыссыз қалыпты. “Мұндайға дайын болмадық”,- дейді Уәлихан Ыбыраев.

Уәлихан Ыбыраев – қала тұрғыны:

– Елдегі жағдайға байланысты жұмыссыз қалдым. Қазір үйде отырмыз. Сол себепті балалардың қашықтықтан білім алуларына мүлде әзірленбедік. Осыны уайымдап жүр едім, мәселе шешілді. Ұлдарым мен қызыма бас партияның өкілдері компьютер сыйлады. Оларға алғысымды білдіремін.

Жалпы, мұндай игі іс республикалық “Біз біргеміз” акциясы аясында жасалып отыр. Естеріңізге сала кетейік, аталған шара елімізде наурыз айында басталған болатын. Басты мақсат – мұқтаж жандарға көмектесу. Яғни, қарттарға, мүгедек жандарға, көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қол ұшын беру.

Біржан Құдайбергенов – «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– “Біз біргеміз” акциясы белсенді жүріп жатыр. Бізге көпбалалы отбасыға компьютер қажеттігі жайлы өтініш келіп түскен болатын. Оны қарастырып, Ыбыраевтар жанұясына компьютер сыйладық.

Айта кетейік, “Біз біргеміз” акциясы елімізде төтенше жағдай аяқталғанша дейін жалғаспақ.

 

 

 

Ешкенова Дана