Қоғам

Жергілікті кәсіпорын күніне 6 мың данаға жуық маска тігеді

Петропавлдағы “Сокирко” жеке кәсіпкерлігі күніне 6 мың данаға жуық маска тігеді. Бетперделер арнайы сұйықтықпен зарарсыздандырылып, қаламыздағы кәсіпорындар, сауда орындары мен дәріханаларға жеткізіліп жатыр. Қорғаныс құралының құны қалта қақпайды. Тұрғындарға әр өнім 150 теңдеген сатылады.

Жақында Петропавлдағы мектеп формасы мен кеңсе киімдерін тігетін мына кәсіпорын бетперде дайындауға кірісті. Шаруа өте қызу. 30-ға тарта тігінші дүйсенбі мен сенбі аралығында таңғы 8-ден кешкі 6-ға дейін тынбай еңбек етеді. Себебі, тапсырыс көп.

Сергей Сокирко – “Сокирко” ЖК директоры:

– Біз күніне 6 мыңға жуық маска тігеміз. Тапсырыс берушілер өте көп. Сондықтан жұмыс уақытын ұзарттық. Қазір цехта 27 адам еңбек етіп жатыр. Әлі де жұмыс күші қажет. Ісімізде спанбондты қолданамыз. Бұл материал медициналық маскаға ұқсайды.

Қаламыздағы кәсіпорындар, сауда орындары мен дәріханалар. Бұлардың әрқайсысына күніне 500-ге жуық бетперде жеткізіледі. Қорғаныс құралы қорапқа салынбас бұрын зарарсыздандырылады екен. Осыдан кейін ғана тапсырыс берген насандарға жөнелтіледі. Ал, дәріханаларда тауар көп тұрмайды. 3-4 сағатта сатылып кететін көрінеді.

Ирина Латушко – “СК ФАРМАЦИЯ” ЖШС директоры:

– Күніне 500 бетпердеге тапсырыс береміз. Маскалар бірден сатылады. Өзіміздің ережеміз де бар. Біз бір адамға 10 дана қорғаныс құралын сата аламыз. Артық берілмейді. Өйткені, тауар 1 клиентке саудаланса, өзгелерге жетпей қалады.

Дәріханада тұрғындармен де тілдестік. Олар маска өте қажет дейді. Бұл дұрыс. Өйткені, төтенше жағдай кезінде жеке бастың қауіпсіздігін басты назарда ұстау керек

–  Жақында тапсырыс беріп, өзіме және жақындарыма маска тіктірттім. Тағы бірнеше бетперде қажет. Сондықтан осы дәріханаға келіп тұрмын.

– Күйеуіміз екеуміз бірнеше дәріханада болдық. Ол жердегі маскалар сәл жоғары бағада сатылып жатыр. Қазір осындағы бетперделерді көремін.

Айта кетейік, “Сокирко” жеке кәсіпкерлігі тігетін маскалар келісім-шарт жасасқан әр дәріханада 150 теңгеден сатылады. Бұл – бекітілген баға.

Актолкын Солтанханкызы