Денсаулық сақтауӘр түрлі

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Петропавлдық рестораторлар төтенше жағдай кезінде қарап қалмай, игі бастама қолға алды. Наурыздың 26-нан бері шаһардағы кей дәмханалар мен мейрамханалардың өкілдері ақ халатты абзал жандарға арнап ас дайындап жатыр. Яғни, жергілікті аспаздар 24 сағат жұмыста жүрген қызметкерлерді тегін тамақтандыруда.

Ақ халаттыларға ұсынылатын ас мәзірі әртүрлі. Кеше – пицца, бүгін котлет пен тефтели болса, ертең – мәнті. Петропавлдық рестораторлар бұл істі жәдел жәрдем қызметі мен провизорлық госпитальда еңбек ететін дәрігерлерді қолдау үшін арнайы қолға алған.

Андрей Фролов – СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

– Бұл бастамаға қаладағы 10 мейрамхана мен дәмхана қазметкерлері қосылды. Біз қарапайым тамақ түрлерін жеткіземіз. Мысалы, дәрігерлерге 1-ші күні – қуырдақ, 2-ші күні – палау, ал кеше пицца апардық.

Қазір аспаздар ақ халаттыларға арналған түскі астың кезекті партиясын әзірлеп жатыр. Ас ыстық күйінде тура облыстық жедел медициналық көмек орталығының қызметкерлеріне жеткізіледі.

Артем Иванов – «Toi-Duman» мейрамханасының бас аспазы:

– Дәрігерлерге арнап 45 порция котлет, 15 порция тефтели дайындадық. Бұл тағамдарға әрине гарнир және соус қосылады. Біз мұны қайырымдылық акциясы ретінде ұйымдастырып отырмыз. Өйткені, вируспен күресіп жүрген ақ халаттылардың жұмысы қиын. Сол үшін қолдан келгенше оларға көмектесейік деп шештік.

Төтенше жағдай жарияланғалы бері жедел жәрдем қызметкерлерінің жүктемесі бір емес, бірнеше есеге артты. Өйткені, қызуым көтерілді деп қоңырау шалған жандардың барлығын қамтып үлгеру қажет. Мұндай кезде, тамақ ішу былай тұрсын, оны ойлауға да уақыт жоқ дейді мамандар. Ал жүрек жалғамай жұмыс істеу, әсте, оңай емес. Сондықтан, мейрамханалардың бірі әзірлеген ас-ауқатты фельдшерлер, диспечерлер мен жүргізушілер ішіп-жеп, алғыстарын жаудырып жатыр.

Нұрбек Байжанов – облыстық жедел медициналық көмек орталығының фельдшері:

– Төтенше жағдай кезінде бізде шақыртулар шамадан тыс артты. Соған байланысты түстенуге де уақыт болмайды. Осындай қиын жағдайда бізге қолдау көрсетіп жатқан рестораторларға алғысымыз шексіз.

Игі акцияға қаладағы 10 мейрамхана мен дәмхана ұжымы қатысып жатыр. Мамандарға тегін ас әзірлеуді олар жалғастыра бермек. Ал ақ халаттылар, өз кезегінде, жерлестерімізден үйде отыруды, көпшілік жерлерден бойды аулақ ұстап, сақтық шараларын қаперде ұстауды өтінеді. Өйткені, бұл вирустың таралуын тежеп, медицина мамандарының мойынына түсер жүктемені біраз жеңілдетеді.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан