МТРА жаңалықтары

Әлеуметтік төлем кімге және қалай беріледі?

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған жандарға мемлекеттен көмек көрсетіледі. Яғни, ақысыз еңбек демалысына жіберілген тұлғаларға 42 мың 500 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы.

Коронавирусқа байланысты еліміздегі кейбір мекемелер жұмысты тоқтатты. Уақытша, әрине. Мұндай жағдайда мамандардың бір бөлігі қызметтен шеттетілді, ал екіншілері ақысыз еңбек демалысына жіберілді. Дегенмен, бұл жандар қолдаусыз қалмайды. Мемлекет тұрғындарға әр ай сайын 42 мың 500 теңге көлемінде жәрдемақы төлейді.

Анар Жүнісова – “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Жәрдемақыға орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер және азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша кіріс алатын адамдар қол жеткізе алады. Сондай-ақ, әлеуметтік көмек жеке практикамен айналысатындар яғни, нотариус, жеке сот орындаушылары мен адвокаттарға, кәсіби медиаторларға беріледі.

Ал, жәрдемақыны қалай алуға болады? Енді осыған тоқталайық. Тізімге енген тұрғындарға әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін табысынан айырылып қалғандығын растайтын құжат қажет емес. Адамдар тек egov.kz веб-порталы арқылы өтініш жіберсе болғаны. Өтінімдерді арнайы штаб өкілдері қарайды. Кейін, 3 күнде жауабын береді. Мұндай штаб өңірде жақында құрылды.

Ринат Елжасов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Штаб 2 күн бұрын құрылды. Осы уақыт ішінде 30 тұрғыннан өтініш келіп түсті. Олар қаралып жатыр. Егер өтінімдер белгілі бір талаптарға сәйкес келсе, жәрдемақы төленетін болады.

Айта кетейік, тұрғындар жәрдемақыға қол жеткізу үшін әлеуметтік аударымы немесе зейнетақы қоры болу керек. Яғни, адам мемлекеттік сақтандыру қорына соңғы 12 айда кемінде 1 рет ақша аударуы тиіс. Әлеуметтік көмек төтенше жағдай аяқталғанша төленеді.

Маржан Касымбек