COVID-19: Қазақстан

Өңірде Covid-19-ды жұқтырғандардың саны – екеу

Ірі сауда нысандары, ойын-сауық орталықтары мен гипермаркеттер жабылады. Сұлулық салондары, мейманханалар мен банкет залдары да жұмысын тоқтатады. Ертең күшіне енетін шектеу тек азық-түлік пен дәрі-дәрмек сататын павильондарды айналып өтеді. Тағы, құрылыс материалдары мен автобөлшек саудаланатын дүкендер де шаруасын жалғастырмақ. Бұл туралы журналистерге брифинг барысында айтылды. Тағы жиында өңірде тіркелген коронавирус инфекциясының екінші жағдайы туралы да баяндалды.

Өңірдегі коронавирустық инфекцияның географиясы кеңейді. Енді Петропавл қаласынан бөлек, қауіпті дерттің ошағына Тайынша ауданы да айналып отыр. Дәлірек айтсақ, Covid-19 Келлеровка ауылының 80-ші жылғы тұрғынынан анықталыпты.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Келлеровканың тұрғыны – коронавирусты жұқтырған науқаспен потенциалды қарым-қатынасқа түскендердің қатарында болды. Сондықтан, ол медицина қызметкерлерінің бақылауына алынды. Әрі қарай тексеріс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде әйел адамнан қауіпті дерт анықталды. Науқас бірден Петропавл қаласындағы инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Қазір мұнда Covid-19-ға шалдыққан екі солтүстікқазақстандық ем алып жатыр.

Коронавирусқа шалдыққан екінші науқастың жай-күйі – бірқалыпты. Нәзік жандымен байланысқа түскендердің тізімі жасалып, барлығы дәрігерлердің жіті бақылауына алынды. Ал, Келлеровка болса, толығымен карантинге жабылды. Ақ халаттылар төтенше жағдай кезіндегі істі жалғастырып жатыр. Бірақ, бұл ретте өңіріміздегі денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысында бірқатар өзгеріс орын алмақ.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Емдеу мекемесіне шұғыл түрде жатқызу бұрынғы қалпында жүргізіледі. Ал, ауруханаларда жоспарлы түрде ем алу шаралары біртіндеп қысқартылатын болады. Айта кету қажет, қалаға келіп емделуі тиіс науқастарға шаһарға кіруге рұқсат. Бастысы – аудандық денсаулық сақтау ұйымдарынан берілген сәйкес жолдамалары болуы тиіс. Сол сияқты Петропавлдағы ауруханалардан жазылып шыққан жандар, ауылға, үйлеріне қайта алады.

Шаһардағы емханалардың жұмыс режимі де қысқарады. Ақ халаттылар тек кешкі 7-ге дейін еңбектенбек. Ал, үйге шақыртылатын дәрігерлердің саны артады деп жоспарлануда. Мұндай қызмет ең бірінші кезекте қауіп-қатер тобына жататын қариялар мен ОРВИ белгілері бар жандарға көрсетілмек. Дәрі-дәрмектерді де аға буын өкілдеріне жеткізіп беру қарастырылған. Жеке медициналық клиникалар, УЗИ мен стоматология кабинеттерінің жұмысына келер болсақ, ол мүлдем тоқтатылады. Сәуірдің бірінен өз күшіне енетін Петропавл қаласындағы өзгерістер мұнымен аяқталған жоқ. Ертеңнен шаһарға емін-еркін кіре де, шыға да алмаймыз. Тек қажеттілік туындаған жағдайда ғана қала аумағына немесе шекарасынан әрі қарау өтуге болады. Оның өзінде сауалнама жүргізіліп, полицейлер блокпостқа келгендердің барлығын тексереді.

Қанат Айтбаев – СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:

– Қаланың блокпостын Бескөл ауылынан кейін орнаттық. Себебі, аталған елді мекен тұрғындарының 30 пайызы Петропавлда еңбектенеді. Тағы өзге де жақын орналасқан селолардың азаматтары шаһарда жұмыс істейтін болса кірулеріне мүмкіндік бар. Бұл ретте олардың кәсіпорында екі қолға бір күрекпен қамтылғанын растайтын анықтамасы болуы тиіс.

Ауылдар мен қала арасындағы жолаушы тасымалы әлбетте тоқтатылады. Екі арадағы қатынау былай тұрсын, қала ішінде көше кезуге де енді рұқсат жоқ. Үйден тек азық-түлік, дәрі-дәрмек алып, қоқыс лақтырып, жұмысқа бару үшін шығуға болады.

Қанат Айтбаев – СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары:

– Қала ішінде қатынауды барынша қысқарту керек. 2 метр болатын арақашықтықты сақтап, 3 адамнан көп жүруге болмайды. Балалардың далаға тек ересектермен бірге шығуларына рұқсат. Егер төтенше жағдайға байланысты бекітілген ережелер бұзылатын болса, азамат әкімшілік жазаға тартылады.

Қалаішіндегі автобустардың режиміне де өзгеріс енгізілмек. Енді қоғамдық көлік таңғы алты жарымнан, кешкі 8-ге дейін қатынайтын болады.

Серікбай Қасмақасов – СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы:

– Шаһардағы дезинфекциялық шараларды күшейту керек. Подъездер мен паркингтер күніне кемінде екі рет зарарсыздандырылуы тиіс. Қала көшелері мен тротуарлары да өңделеді. Ал, жұмыс күнін екі сағатқа қысқарту қажет. Бұл барлық кәсіпорындар мен мекемелерге қатысты. Мүмкіншілік болса, еңбеккерлерді қашықтықтан жұмыс істеуге көшірген жөн.

Ал, ірі сауда нысандарының қызметкерлері болса, төтенше жағдай аяқталғанша үйлерінде отырмақ. Себебі, сәуірдің бірінен ойын-сауық орталықтары мен гипермаркеттер жабылады. Бұл шектеу азық-түлік пен дәрі-дәрмек сататын павильондарды айналып өтеді. Бұдан бөлек, ертеңнен әлеуметтік маңызы бар тауарларды саудаламайтын базарлар мен бутиктер де жұмысын тоқтатады. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері, дамыту орталықтары, секциялар, стадиондар мен үйірмелер де уақытша келушілерді қабылдамайды. Шаштараздар, салондар, мейманхалар мен банкет залдарының қызметіне де шектеу қойылған. Қоғамдық тамақтану орындары, дәмхана мен мейрамханалар дайындаған дүниені жеткізіп беру ісімен ғана айналысады. Бұл туралы журналистерге екінші брифинг барысында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова мәлімдеді.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Үйдің маңындағы азық-түлік дүкендері қалыпты режимде жұмыстарын жалғастырады. Ал, ірі сауда орталықтарындағы павильондар сатылымды тек таңғы 10-нан кешкі 6-ға дейін жүргізеді. Басқа бизнес нысандары мүлдем жұмысын тоқтатады. Бұл ретте қазір ғимараттың жалдау төлемі бойынша мәселелер туындап жатыр. Проблеманы жалға беруші мен жалға алушы өзара шешулері тиіс.

Петропавлда енгізілген бірқатар шектеулерге байланысты дүрбелең тудырудың қажеті жоқ. Тағы да еске салайық азық-түлік қоры жеткілікті. Әрі қала шекарасы жабылғанымен, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен дәрі-дәрмек тасымалы баяғыша жүргізілетін болады.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова