МТРА жаңалықтары

Егіс науқаны мен көктемгі су тасқынына дайындық барысы пысықталды

Коронавирусқа байланысты енгізілген шектеулер биылғы егіс науқанына кері әсерін тигізбеуі тиіс. Облыс әкімдігінің отырысында аймақ басшысы жер емген диқандар мен жауапты шенділерге осындай тапсырма беріп, көктемгі дала жұмыстарына ертерек қамдануды жүктеді. Тағы, Құмар Ақсақалов су тасқынына дайындықты да күшейту керектігін қадап айтты. Өйткені, бүгінде өңірдің 91 елді мекенін қызыл су басу қаупі бар.

Саят Ермек – тілші:

– Қанша адам жұқтырды, қандай шектеулер қойылды. Қазір жер-жердегі, оның ішінде өңірдегі әріптестеріміз қауіпті індет – коронавирус жайлы жарыса жазып жатыр. Бірақ күн тәртібіндегі өзге де түйткілдерді назардан тыс қалдырмау қажет. Мәселен, әне-міне дегенше аграрлы аймақ – Солтүстік Қазақстанда облысында егістік науқаны басталады. Ол биыл қалай өтеді, дайындық қалай жүріп жатыр?

Көктемгі дала жұмыстарының басталуына бір айдай уақыт қалды. Әзірліктің жайы жаман емес сыңайлы. Биыл шамамен 3 млн гектар алқапқа дәнді, 955 мыңына майлы дақылдар, ал 47 мыңға былтыр ғана игерген соя себіледі. Қар көп жауғасын, ылғал да жеткілікті. Күзде қамбаны толтыру үшін диқандарға енді сол ылғалды сақтап қалу керек. Жанар жағармай да, тұқым да бар, техниканың 97 пайызы сақадай сай тұр, парк жаңартылып жатыр, 43 млн теңгенің субсидиясы да бөлініп қойған. Қысқасы, бәрі жоспар бойынша. Бірақ, бұл жоспарға манағы коронавирус өзгеріс енгізуі мүмкін. Иә, қалалар жабылып, кіріп-шығу шектелуде. Ал ертең алқапта жүрген техника сынып қалса ше? Оны жөндеуге қосалқы бөлшектерді қайдан алады адамдар? Мұны ертерек ойластыру керек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қосалқы бөлшектерді сататын дүкендер мен фирмалардың барлығы дерлік – қалаларда. Аграрийлер оларды Петропавлдан, одан қалды көрші Көкшетаудан алады. Шектеулер қойылса, бұл қиынға соғады. Сондықтан, ертерек қамдану маңызды. Әкімдер, қол қусырып отырмай, көмектесіңіздер. Ертең жұмыс тоқтап қалмасын.

Көктем сайын жанды шүберекке түйеді біздің жұрт. Қызыл су келіп қалады ма деп. Биыл да қауіп бар, синоптиктер сәуірде күн райы күрт жылиды деп отыр. Сондықтан Есілдің арнадан асуы әбден мүмкін. Қазірдің өзінде Сергеевкадағы су қоймасы – 95, ал Петропавлдағы гидроторап 94 процентке толып тұр. Тасқын шаһардан басқа 90 шақты ауыл мен жолдарды басуы ықтимал. Алаңдауға себеп бар, бірақ 1600 шақты техника мен 2 мыңдай маман дайын. Дамбалар мен бөгеттер нығайтылып, трассалардағы құбырлар тазартылған. Жиі әлекке салатын Сілеті суының деңгейі де екі есеге бір-ақ артыпты. Сондықтан, былтыр бұл өзен баса жаздаған Қаратал мен Қулыкөл елді мекендері де назарда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өткен жылы бұл екі ауылға ауыр техниканы жеткізіп үлгермедік, жолдарды су шайып кетті. Бөгетті “Белорус” тракторы тұрғызды. Биыл бұған жол берілмеуі керек. Сілеті өзені арнасынан асуы мүмкін, өйткені Ақмола облысында қар нормадан біршама көп жауды.

Уәлиханов ауданының атқамінері мен бас құтқарушымызға өткен жылғы бұл жағдай сабақ болған сыңайлы, трактор-бульдозерлерді екі ауылға да ертерек апарып қойыпты. Ал кей аудандардың әкімдері тасқын бізді айналып өтер деп отыр ма қалай – білек сыбана дайындалып жатқандары шамалы. Мәселен, Тимирязев ауданының әкімі техникасын да жөнді сайламапты.

Апат айтып келмейді. Сондықтан әзір болуымыз керек дейді облыс әкімі.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Инерттік материалдарды, техниканы артығымен әзірлеп қойыңыздар. Биыл қажет болмаса, келесі жылға қалсын. Су тасқынын әр көктем сайын күтеміз ғой.

Құтқарушылар су тасқынының алдын алуға әзірленіп жатса, оқушылар сабақтарын онлайн режимде оқуға дайындалуда. Теріскейлік 72 мың жеткіншек 4-ші тоқсанның бағдарламасын үйде отырып меңгереді. Сәуірдің 6-сынан бастап сабақтар сыныпта емес, “зум”, “білім лэнд”, “күнделік” сияқты интернет платформаларда өтеді. Мұғалімдер жаңа форматтың қыр-сырын каникул бойы меңгеріпті. Бірақ ахуал сол – кей ауылдарда интернетке шығу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, орыс тілді сабақтар – “Ел арна”, ал қазақ тілдісі – “Балапан”-нан көрсетіледі. Бұл екі арна қолжетімсіз болса, оқушылар сабақтарды жергілікті “Қызылжар” арнасының эфирінен көре алады. Ал шалғай жатқан ауылдардағы оқушы саны аз, шағын комплектілі 143 мектеп жабылмайды. Бұл оқу ошақтары жұмысын штаттық режимде жалғастырады, бірақ дезинфекциялық шаралар күшейтіледі.

 

 

 

 

Саят Ермек