Осы күндері Қызылжар ауданының орталығында зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтар болсақ бүгінде Бескөлдегі көшелер мен тұрғындар көп жүретін аумақтар дезинфекциялануда. Оған қоса мұндай шаруа аялдамаларда да атқарылуда. Ауылдағы тазалық шарасы күніне 2 мәрте ұйымдастырылады.
Маржан Қасымбек – тілші:
– Дәл қазір сағат тілі 7:30-ды көрсетіп тұр. Біз Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылындамыз. Бірер минуттан соң елді мекен көшелерінде зарарсыздандыру жұмыстары бастау алады. Істі жергілікті кәсіпкерліктің мамандары атқармақ.
Бұл – Дорожная көшесі. Жолдың бойында кітапхана, автобекет пен ауылдағы жалғыз супермаркет орналасқан. Осы жерде әр күн сайын 100-деген көлік пен тұрғын жүреді. Сондықтан мамандар зарарсыздандыру жұмыстарын осы көшеден бастады. Олар арнайы сұйықтықты айналаға шашып, дезинфекция жүргізуде.
Трактордың артына орнатылған бір бөшкеде 800 литр сұйықтық бар. Құрал ауылдың 5-6 көшесін дезинфекциялауға жетеді екен. Жауапты шаруа аяқталғасын мамандар аялдамаларды зарарсыздандырды. Істе дихлор ерітіндісін қолданылды.
Мұндай сұйықтық адамдар мен жануарлардың өміріне кері әсер етпейді. Керісінше, вирустарды жояды, ауаны тазартады. Яғни, қоршаған ортаға пайдасын тигізеді. Игі іске бескөлдіктер разы. Олар мамандарға алғыстарын білдіріп жатыр.
– Күнде осында жұмыс істеуге келемін. Вирустың алдын алу мақсатында осындай істі жүргізіп жатқан жандарға алғыс айтамын.
– Зарарсыздандыру жұмыстарына өзім куә болдым. Мұндай істердің жүргізіліп тұрғаны жақсы.
Жалпы, Бескөл ауылында тазалалық жұмыстарын күніне 2 рет жүргізіледі. Мамандар таңертен және кешкілік көшелер мен аялдамаларды зарарсыздандырады.
Ербол Бәгенов – Бескөл ауылының әкімі, Қызылжар ауданы:
– Ауылды зарарсыздандыру арқылы вирустан қорғанамыз. Біз көшелерден бөлек, аурухана маңы мен ауылдағы басқа да жерлерді зарарсыздандырып жатырмыз.
Дезинфекциялау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Қашан аяқталатыны белгісіз.
Маржан Касымбек