Мәдениет

Жергілікті өнер иелері онлайн концерт өткізбекші

Үйде отырып-ақ концерт тамашала. Жергілікті филармонияның өнерпаздары әлем және отандық жұлдыздар сияқты онлайн режимде шығармашылық кеш өткізбек. Мұндай игі шараны шымылдығын ертең “Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы Бәйімбет Құбайдолла ашады.

Бұл – көпке танымал «Ромео мен Джульетта» қойылымы. Спектакльді италияндық өнерпаздар кеше карантинде отырған отандастарына онлайн режимде сахналады. Осылайша олар жандарын шүберекке түйіп, үрейленіп өмір сүріп жатқан халықты аз да болсын жұбатты, жүздеріне қуаныш сыйлады.

Мұндай істі отандастарымыз да қолға алды. Наурыздың 26-сы күні Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева онлайн концерт өткізді. Онда ондаған туынды орындап, кезекті мәрте дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Ал жақында отандастарымыз ерекше дауыс иесі, жарық жұлдыз Димаш Құдайбергеновтің әндерін тыңдамақ.

Игі шарадан жергілікті филармонияның өнерпаздары да қалыс қалмақ емес. Қазір Бәйімбет Құбайдолла онлайн режимде өтетін концертіне дайындық үстінде. Ол шығармашылық кеште «Салтанат», «Аққу», «Бөлегек» сынды 10-нан астам күйді орындамақ ниетте.

Бәйімбет Құбайдолла – «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы:

– Қазір халықтың рухани азық алатын кезі. Біз солтүстікқазақстандықтарды күй өнерімен сусындату мақсатында осындай концерт ұйымдастырып отырмыз.

Өнерлі жан шығармашылық кешінде күйдің шығу тарихы мен домбыра жайлы қызықты мәліметтерді де айтады. Шәкіртінің әзірлігін ұстазы Қайырлы Ғафуров көруге келіпті.

Қайырлы Ғафуров – «Сегіз сері» атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Бұл біздің алғашқы тікелей эфиріміз. Ойдағыдай өтеді деген сенімдемін.

Өнерпаздардың бірі концерт ұйымдастыруды көздесе, екіншісі онлайн сабақ беріп жатыр. Радик Синтиков – жергілікті филармонияның солисі. Ол бүгінде колледж студенттеріне тікелей эфирде ән айтудың қыр-сырын үйретеді.

Радик Синтиков – СҚО филармониясының солисі:

– Бастапқыда аздап қиын болды. Студенттермен бір-бірімізді түсінбедік. Ал қазір жаңашылдыққа үйреніп кеттік.

Айта кетейік, домбырашы Бәйімбет Құбайдолланың концерті ертең сағат 19:00-де өткізіледі. Шығармашылық кеш жергілікті филармонияның “instagram” және “facebook”-тағы парақшаларында тікелей эфирде көрсетілетін болады.

 

Маржан Касымбек