ТЖ

Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Биыл Есіл өзені өзінің қалыпты деңгейінен көтерілсе қаланың бірнеше шеткері ауданын су басу қаупі бар. Қазіргі уақытта мұндай 3 аумақ анықталған. Олар – Ойқала, Былғары зауыты мен Заречный кенті. Соңғысында “Искра” саяжай қауымдастығы орналасқан. Аталған аймақта құтқарушылар болып, 50-ден астам тұрғынға сақтық шараларынан түсіндірді.

Бұл – «Искра» саяжай қауымдастығындағы үйлер. Қаз-қатар орналасқан нысандарды жыл сайын су басады. Сондықтан құтқарушылар әр көктемде баспаналарды аралап, тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіреді. Осындай рейдтің кезектісі жақында ұйымдастырылды. Онда мамандар Наталья Тишковамен жүздесті. Ол мұнда 6 жылдан бері тұрады. Азаматша тасқынның қауіпін жақсы түсінеміз, сол себепті алдын-алу жұмыстарына кірістік дейді.

Наталья Тишкова – қала тұрғыны:

– Маңайдағы қарды шығардық. Кейін, үйдегі жиһаздарды жоғары көтеріп, құжаттарды жинап қойдық. Енді, үй жануарларын басқа жерге көшіру жайын қарастырып жатырмыз.

Бүгінде саяжай қауымдастығында 27 үй бар. Онда 50-ден астам адам тұрады. Рейд барысында мамандар әр баспанаға бас сұғып, тиісті ережелерді қаперге салды.

Жанат Жұмажанов – қалалық ТЖБ аға инженері:

– Жыл артқан сайын түсіндіру және құтқару жұмыстары жеңілдеп келеді. Оның себебін баяндайын. Қазір адамдардың кейбірі біздің ісімізге түсіністікпен қарайды. Яғни, айтқанымызды дер кезінде орындайды. Дегенмен кейбір жандар ескертуге бірден құлақ аспайды.

Ал, «Искра» саяжай қауымдастығы орналасқан Заречный кентін су басса адамдар қайда көшіріледі? Бүгінде 13-ші мектеп аумағында эвакуациялық пункт жасақталған. Тағы, үй жануарларын уақытша ұстайтын орындар әзірленіпті.

Жанат Жұмажанов – қалалық ТЖБ аға инженері:

– Бүгінде су басу қауіпі бар аудандардың барлығында эвакуациялық пунктер бар. Оларды мамандар да, тұрғындар да біледі.

Жалпы, биылғы көктемде шаһардағы 3 аумақты су басу қауіпі бар екен. Олар – Заречный, Ойқала мен Былғары зауыты кенттері.

Актолкын Солтанханкызы