COVID-19: Қазақстан

Сәуірдің 1-інен бастап Петропавлға кіріп-шығу шектеледі

Облыс орталығына кіріп-шығу шектеледі. Бұл жайлы жоғарыда облыс әкімі айтты. Сәуірдің алғашқы күнінен бастап Петропавл периметрі бойынша 9 бірдей блокпост құрылып, шаһар шекарасын полицейлер мен әскери техника күзетпек. Жаңа тәртіпке әзірлікпен аймақ басшысы арнайы барып танысты. Әңгіме барысында Құмар Ақсақалов қалаға көрші ауылдардан келіп-кетіп жұмыс істейтін жерлестерімізге жасалатын жағдайды да баян етті.

Петропавл мен Бескөл ортасындағы бекет. Қорғаныс костюмін киген санитарлар мен дезинфекторлар, жаяу және тұлпар тізгіндеген полицейлер мен әскерилер сақадай сай тұр, тіпті әскери техника да әкелінген. Бұл – болашақ блокпост.

Саят Ермек – тілші:

– Коронавирус Қазақстанда жоғары қарқынмен белең алып барады. Иә, дертті жұқтырғандар күн емес, сағат сайын анықталуда. Сондықтан ел бойынша сақтық шаралары күшейтіліп жатыр.

Ақтөбе қаласы мен Қарағанды облысының 5 шаһары наурыздың 30-нан карантинде. Ал 31-інен бастап көрші Ақмола өңіріне кіріп-шығу шектеледі. Мұндай шектеу сәуірдің 1-нен Петропавлда да енгізіледі. Бұл жайлы облыс әкімі мәлім етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сәуірдің бірі түнгі сағат 12-де Петропавл қаласына кіріп-шығуға шектеу қойылады. Бұл оқу-жаттығу жиыны – осыған дайындық. Екі күн ішінде блокпосттардың барлығын құрып, үлгеруіміз керек.

Блокпосттардың саны 9 болмақ. Бәрі де шаһар периметрі бойынша орналастырылады. Бекеттерде барлығы 450 маман күні-түні кезекшілік құрып, тәртіптің қатаң сақталуын бақылайды. Яғни, қалаға ешкім кірмейді, ешкім шықпайды. Ал шұғыл кіру қажет болған жағдайда азаматтарға арналып арнайы карантиндік пункт орнатылған. Мамандарда тепловизорлар мен дене қызуын өлшейтін термометрлер бар.

Кіріп-шығуға шектеу қойылса, жақын маңдағы ауылдардағы тұрғындардың жайы не болмақ сонда? Көбі шаһарға келіп-кетіп жұмыс істейді емес пе?

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бәйтерек, Бескөл мен Якорь сынды елді-мекендерден келіп қызмет істейтіндер көп. Сондықтан, блокпосттардың барлығын осы ауылдардың шекарасына көшіру керек. Сонда тұрғындар қалаға еш кедергісіз қатынайтын болады.

Басты мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігі. Осы орайда ақ халаттылар, санитарлар, әскерилер мен полицейлердің мойындарына артылар жауапкершілік жоғары. Мамандар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеулері керек дейді облыс әкімі. Одан қалды, әңгіме барысында Құмар Ақсақалов Президент тапсырмасы бойынша қауіпті дертке шалдыққандармен және тәуекел тобына кіретін жандармен тікелей байланысқа түсетін қызметкерлердің жалақылары өсетіндігін айтты.

 

 

 

Саят Ермек