COVID-19: Қазақстан

Петропавлда пандемияға байланысты бірқатар шектеу енгізілді

Сәуірдің бірінен бастап шаһардағы балабақшалар жабылады. Қала тұрғындарының да жүруіне бірқатар шектеу қойылады. Ал, дезинфекциялық шаралар тіптен күшейеді. Көшелер, тротуарлар, қоғамдық көлік пен аялдамалардың барлығы жаппай дезинфекцияланады.

Осымен үшінші апта қала автобустары мен аялдамалары дезинфекциялануда. Ал, көшелер енді ғана тиісті талапқа сай тазартылып жатыр. Бұған әлі шаһарлықтардың көзі үйренбеген. Бірақ, енді қолға алынған зарарсыздандыру жұмыстары тіптен күшейеді. Ол үшін қажетті техника да, жұмыс істейтін адамдар да бар. Қазір шаруаға коммуналдық қызметтерден бөлек, өзге кәсіпорындар да тартылуда.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Дезинфекциялық жұмыс алдымен ірі нысандар, базарлар мен вокзал орналасқан көшелерден бастау алады. Біртіндеп барлық Петропавл қамтылады. Шаһарда жалпы ұзындығы 183 шақырым жол, 38 км тротуар зарарсыздандырылады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз жолдар мен тротуарлардың кепкенін күттік. Енді бүгіннен бастап қызу жұмысқа кірісеміз. Ол үшін бізге 140 тонна дезинфекциялық сұйықтық қажет. Бір ай бойы күн сайын көшелерді жуатын боламыз.

Шаһар дезинфекциялық құралдармен де толығымен қамтылыпты. Қызылжар су серіктестігі қажеттілік туындаса тазартқыш заттардың екі айлық қорымен бөліспек. Әрі монополистер тоқтаусыз сумен қамтуға да дайын. Авагро да қарап қалмады. Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорын бүріккіштерді зарарсыздандыру шараларына бағыттамақ. Ал, енді Петропавлдағы шектеудің өзіне келер болсақ…

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Шаһарды секторларға бөлуді жоспарлап отырмыз. Олардың барлығында дүкендері, дәріханалары болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бізде жедел әрекет ету штабы жұмыс істейді. Шаһарды секторларға бөліп, дәл осындай кішігірім штабтар құрамыз. Бұл шаруаға еріктілерді де тарту қажет. Петропавлда 45 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Оларды азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамту жұмысына волонтерлер ат салысулары тиіс.

Волонтерлер бұл шаруаны абыроймен атқарамыз деп отыр. Бүгіннің өзінде олар жалғызбасты қариялар, зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қадағалауда. Хабарласып, қандай көмек қажеттігін сұрастырудамыз дейді жастар. Полицейлер де өз тарапынан бақылауды күшейткен. Тәртіп сақшылары төтенше жағдайларға қатысты шектеулерді бұзған 19 адамды әкімшілік жазаға тартыпты. Құқықбұзушылар 5 тәуліктен 10 тәулікке дейін қамауға алыныпты. Ал, сәуірдің бірінен бастап шаһардағы шектеулердің саны тағы да көбейеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қала көшелерінде жүру шектеледі. Автобустардың жүруі де шектелетін болады. Балабақшалар жабылады.

Шаһардағы шектеу шаралары шамамен бір ай бойы жүргізіледі деп жоспарлануда.

 

 

Эльмира Садвокасова