Құқық қорғау органдары

Петропавлда көші-қон қызметтерінің орталығы уақытша жұмысын тоқтатты

Петропавлда халыққа қызмет көрсету орталықтарымен бірге, көші-қон қызметтері орталығы да жұмысын уақытша тоқтатты. Өйткені, бұқара көп жиналатын бұл орында коронавирус індетінің таралу қаупі жоғары. Енді паспорт пен жеке куәліктерін азаматтар тек шұғыл қажет болған жағдайда ғана рәсімдей алады.

Көші-қон қызметтері орталығы жұмыс істемейді. Уақытша, әрине. Себеп айтпаса да түсінікті шығар. Енді жеке куәлік, паспорт пен ел аумағында тұруға ықтиярхат сынды құжаттарды әзірге азаматтар рәсімдей алмайды. Бұл құжаттарды тек шұғыл қажет болған жағдайда ғана жасатуға болады. Бірақ, бұдан өзге бірқатар қызметтер egov порталында қолжетімді.

Жанат Сағынтай – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы:

– Қазақстан Республикасының халқын тұрғылықты мекен жай бойынша тіркеу немесе есебінен шығару, шекара маныңдағы аумақтың елді мекенінде тұрақты тұратын жері бойынша тіркелуін растайтын мәліметтерді алу.

Уақытша тіркеуге тұру немесе сол тіркеуден шығу үшін рұқсатты да онлайн режимінде алуға болады. Ал Қазақстан аумағынан шығып, шетелде тұру үшін қажетті құжаттар қабылданбайды, еңбек иммиграттарына рұқсат қағаздары да берілмейді. Бұдан бөлек, отандастарымыз визаны да рәсімдей алмайды уақытша. Алайда, бұл қызметтердің бәрі болмаса да, біразы көп кешікпей онлайн форматқа көшірілуі әбден мүмкін.

Жанат Сағынтай – СҚО ПД көші-қон қызметінің аға инспекторы:

– Қосымша Ішкі істер министрлігімен көші-қон қызметі бойынша мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алу амалдарын қарастырылуда. Жақын арада бұл қызметтер іске қосылады.

Ал көші-қон қызметтері орталығына наурыздың 21-іне дейін жүгінген азаматтар дайын құжаттарын еш кедергісіз алып кете алады. Осы және өзге де қағидалардың егжей-тегжейімен 34-00-30 нөмірі бойынша, яки полиция департаментінің ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында танысуға болады.

 

 

Саят Ермек