Құқық қорғау органдары

Петропавлда алаяқтықпен айналысқан ер адам ұсталды

Петропавлда жеңіл жолмен ақша тапқан 39 жастағы алаяқ құрықталды. Ол ауылдан келген 6 жерлесіміздің сеніміне кіріп, олардың аттарына жедел несие ресімдеген. Жалпы шығын көлемі 150 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда заңбұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Жақында полицияға алаяқтың қармағына іліккен бірнеше солтүстікқазақстандық арыз түсіріпті. Жерлестеріміздің барлығы «Океан» сауда үйінің маңында сан соққан. Оқиға желісіне тоқталайық. Заңбұзушы ауыл тұрғындарын анықтап, арам ойын жүзеге асыру үшін бұрынғы танысы ретінде әңгімеге тартады. Сөз барысында түрлі сылтау айтып, есепшотындағы ақшаны алып беруді сұрайды. Бұл істе құжат қажет екендігін түсіндіреді. Бұған кейбірі келіселді. Осы сәтте алаяқ адамдарды «Кредитомат» фирмасының терминалдарына апарып, олардың атына жылдам несие ресімдейді.

Үмітбек Фархадов – Петропавл қалалық ПБ тергеу бөлімшесінің тергеушісі:

 – Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде аталған қылмыс жасағаны үшін бұрын мүліктік қылмыстар жасап, бірнеше рет жауапқа тартылған 1981 жылғы Петропавл қаласының тұрғыны анықталды. Аталған факті ҚР ҚК 190-шы бабы 3-ші бөлімі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Полицейлер тұрғындарға өте сақ болуды және қандай да бір құқық бұзушылық анықталса бірден хабарласуды ескертеді. Және мамандар адамдарды жеке құжаттар мен мәліметтерді ешкімге сеніп тапсырмауға шақырады.

Ешкенова Дана